Шымкентте Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Мәртебелі іс-шараға Зейнеп Бауыржанкеліні арнайы келді. Қоғам қайраткері сапары барысында қала тұрғындарымен де кездесу өткізді.
Шымкентке қоғам қайраткері, жазушы Зейнеп Ахметова арнайы келді. Қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлының келіні атасының ескерткішіне сәлем салып, гүл шоқтарын қойды.
Гүл шоқтарын қою рәсімі қала тұрғындарымен кездесуге ұласты. Жастар ресурстық орталығында өткен шарада Зейнеп Ахметова өмірден түйгендерін және Бауыржан Момышұлының қандай адам болғанын айтып берді. Зерделі ана құтты шаңырақтың келіні болуды – жауапкершілік әрі абырой деп санайтынын айтты.
Зейнеп Ахметова, Б.Момышұлының келіні, қоғам қайраткері, жазушы: «Атаны ардақтаған халықтың мына отырған сіздердің жүректеріңізден таралып жатқан мейірімнің ұшқындары маған да тиіп жатыр. Ал оны көтеріп жүру оңай емес. Атаның келіні болу міндетін көтеріп жүру оңай емес»
Бахтияр Өнербаев, Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы: «Бүгін Шымкент қаласында «Ер елдің иесі, әйел үйдің киесі» деген тақырыпта үлкен кездесу өтіп жатыр. Оған мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, Б.Момышұлы атамыздың келіні, сол қара шаңырақты ұстап отырған апамыз келіп отыр. Шымкент қаласының тұрғындарымен, жастармен, зиялы қауыммен кездесіп жалпы өмірге деген, бүгінгі қоғамда болып жатқан әртүрлі өзгерістерге деген өзінің ойын бөлісуге келіп отыр»
Жиында жастарға үлгі-өнеге беру мақсатында көптеген орынды әңгіме айтылды. Зейнеп Ахметованың айтуынша, білгенді айта жүру, үйрете жүру — ол үлкендердің басты міндеті.