Кентаудағы жылу-энерго орталықтың 6 қазандығы жөндеуден өтіп жатыр. Ол үшін арнайы жоба жасалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Нысандағы құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Жыл сайын кентаулық тұрғындар қалада жылудың жетпейтініне шағымданып жатады. Сондықтан қаладағы жылу-энерго орталығын күрделі жөндеуден өткізу жобасы қолға алынды. Қазір 6 қазандықты қалпына келтіру үшін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның конкурстық құны 12,9 млрд. теңгені құрайды.
Құрылыс жұмысы алдағы жылу маусымына дейін аяқталады деп жоспарланған. Ал 4 қазандық толықтай жаңадан орнатылмақ. 2 нысан осы айдың соңында дайын болады. Облыс басшысы қарқынды жүріп жатқан орталықтың жұмыс барысымен танысып шықты.
«Демек сіздер 4 қазандықты автоматтандырып, толықтай жаңартасыздар. Ал 2 қалған қазандық ескі. Жаңа маусымда жылу толық болуы керек. Ал 2 қазандық 2-3 желтоқсанға дейін аяқталады деп жатырсыздар. Егер кешіктіру болатын болса, мердігер мекемеге қаралатын жауаптылықты күшейтетін боламыз»,- деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Айта кетейік, былтыр 4 қазандық демеушілер есебінен жөндеуден өткізілген еді. Сонымен қатар 6,6 шақырым магистральды жылу жүйелерін қайта құруға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 4,7 шақырым құбыр ауыстырылды. Ал қалған нысанды қыркүйек айына дейін бітіру көзделген.