Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінде қиын жағдайға түскен әйелдерге көмектесу мәселесі қаралды. Жиында ана мен бала өлімінен бастап, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі көтерілді.
Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінде әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиындағы басты мәселе ана мен бала өмірі болды. Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының сөзінше мегаполисте соңғы жылдары ана мен бала өлімі азайған.
Сауле Дүйсенбаева, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «Шымкент қаласы бойынша соңғы 3 жылда қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде нәресте өлімі азайған. 2022 жылы 5 ана өлімі тіркелген болса, былтыр 1 ана өлімі тіркелді. Бірақ ол Шымкент қаласында емес, Қызылордада болды. Әйел сол жаққа барып, сол жақта қайтыс болған»
Жиында қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосова балалар қауіпсіздігін көтерді. Ол отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез-келген түрі үшін жазаны қатаңдатып, профилактикалық жұмысты арттыру керек дейді.
Баян Жандосова, Шымкент қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы: «Қазақстан бойынша бізде Шымкентте агрессормен жұмыс істейтін орталық бар. Ол жерде 5 жылдың ішінде 400-дей адам емделуге барған. Орталыққа отбасымен бірге барып, тегін емделеді. 100 шақты агрессорлар жазылып, отбасына қайта қосылған»
Баян Жандосова тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдермен әйел инспекторлар жұмыс істеуі керек дейді. Сонымен қатар, ол бұл бағытта да тиісті жұмыстардың атқарылып жатқанын айтты.