Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін сенбілікке шықты. Мегаполисте жасы 90-ға келген ата-әжелер шөп орып, көше сыпырды. Осылайша қазыналы қарияларымыз Шымкенттің тазалығына өз үлесін қосып, жастарға үлгі көрсетіп жүр.
Қолына күрек-тырмасын алып, қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен қатар тұрып еңбектеніп жүрген бұл ақсақалдарды 90 жастан асқан дегенге ешкім сене қоймаса керек. Себебі өңір тазалығына белсене атсалысып жүрген қариялар әлі де тың, қимылы да ширақ. Қоғамдық жұмысқа қатысып жүрген аталардың бірі Өркен Әбдіреев «Шымкентті тазалауға келгенде мен шаршамаймын» дейді.
Өркен Әбдіреев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Шымкентті тазалауға келгенде мен шаршамаймын. Бәріңізді тазалыққа шақырамын. Қаламызды таза ұстауымыз керек. Шымкент — Қазақстандағы ең алдыңғы қала болуы керек. Басқа қалалар бізден үлгі алу керек»
Сенбілікте ақсақалдар шөп орып, көше сыпырды. Қазыналы қариялармен қатар тұрып еңбектеніп жүргендер қатарында шаһар басшысы да бар. Тазалық жұмыстарына белсене кіріскен Ғабит Әбдімәжитұлы еріктілермен бірге тұрғын үй аумағын жинады. Эко-акцияға белсене қатысқандар қоқыс шығарып, ағаштарды ақтады.
Айта кетейік, бұл тазалық шаралары «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында өтті. Экологиялық шара барысында мегаполистегі қариялар мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үй ауласы тазаланды.