Шымкенттегі жалғыз скейт-парк қирап жатыр. Пайдалануға берілгеніне бір жыл болар болмас демалыс аймағы қараусыз қалған. Алаңдағы көрнекі құралдар сынып, жөндеуді қажет етіп тұр. Ал кейбір элементтер тіпті пайдалануға ыңғайсыз жасалған.
Айдар Алдаберген 6 жылдан бері самокат теуіп, түрлі акробатикалық әдістерді жасап, шынығып жүр. Ол достарымен бірге Шымкенттегі алғашқы скейт-парктың ашылуын асыға күткен. Бірақ пайдалануға берілгеніне бір жыл болар болмас бұл демалыс аймағы қараусыз қалған. Қазір бұл кеңістікте цемент жарылып, шөптер өсіп кеткен. Тіпті кей спорттық элементтер жөндеуді қажет етеді. Мұнда келушілер жауаптылардың кешкісін жарық беруді де тоқтатқанын айтады.
Айдар Алдаберген, оқушы: «Жарық болмаған кезде мұнда ешкім сырғанай алмайды. Біз скейт, самокат, велосипед тебу үшін қаладағы басқа орындарға барамыз. Мысалы Шымкент плаза, Орталық саябақ және Қызғалдақ су бұрқағының аумағы. Бірақ плазада бізді күзетшілер қуып жіберсе, қызғалдақ аумағы су болып жатады, ал орталық саябақта балалар көп. Бұл скейт паркте бәрі бұзылып жатыр, фигуралар ыңғайсыз жасалған»
Бұл скейт-парк былтыр заман талабына сай деп пайдалануға берілген еді. Алайда мұндағы көптеген фигура пайдалануға ыңғайсыз болып шықты. Скейтбордшылар мұндағы элементтерге сүрініп құлауға болады деп шағымданып отыр.
Александр Иванов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мұндағы фигуралар дұрыс бекітілмеген, дірілдеп тұр. Біз мұнда скейт теуіп жүріп құлап та қаламыз. Ал балалар болса тіптен жерге бетімен құлап жатыр»
Скейт-парк жастардың бос уақытында демалатын, спортпен шұғылданатын орны болуы керек еді. Алайда бұл алаңның бүгінгі жағдайы осы. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы нысандағы кемшіліктерге мердігер компанияның жауапты екенін айтты.
Жарылқасын Машбек, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары: «Құрылыс жұмыстары 2023 жылы маусым айында басталған. Ал тамыз айында бұл нысан пайдалануға берілді. Бір жылдық кепілдік мерзімі бітпей жатып, скейт-парк алаңшасы қирап жатыр. Біз басқарма тарапынан мердігер мекеме үстінен сотқа дейінгі арызымызды жолдадық. Қазіргі таңда «Орда бизнес» ЖШС біздің басқарма тарапынан сотқа берілмек. Олар бізбен ешқандай байланысқа шыққан жоқ. Сондықтан біз заң жүзінде бұл орынды қайтадан қалпына келтіреміз»
Скейтбординг таяуда Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілген. Шымкентте бұл спорт түрі күн санап дамып келеді. Айта кету керек, Мемлекет басшысы қазақстандықтар үшін бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын дамыту үшін жағдай жасауды тапсырған.