Шымкентте тұрғындарды пайызсыз үй алып беремін деп сан соқтырған қаржылық пирамида басшысы сотталды.
Айыпталушылар 2019 жылы «Пайызсыз баспана» тұрғын үй кооперативін құрып, тиімді бағада жылжымайтын мүлік алып береміз деп әлеуметтік желіде адамдардың сеніміне кіру арқылы қаражатын алған. Алайда салымшылардың ақшасына бастапқы келген азаматтарға ғана ауылдық жерден үй мен көлік алып берген көрінеді. Осылайша мекеме басшылығындағы 2 адам 135 жәбірленушіге 171 млн. теңге залал келтірсе, оператор 16 адамнан 15 млн. теңге қаржы алған. Олардың кінәсі сотта дәлелденіп, бас бостандығынан айырылды.
«Соттың үкімімен ұйымдастырушы және қасындағы жүрген азаматтарды кінәлі деп танып, бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ұйымдастырушы 6 жыл 8 ай, көмекшісіне ол да төраға болып тағайындалған. Оған 5 жыл 6 ай, ал оператор қызға сот кінәсін толық мойындағаннан кейін, 12 адамға ақшасын қайтарғаннан кейін 3 жыл бас бостандығына айыру жазасын тағайындады», — дейді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сәбит Төреханов.
Сотталушылар жәбірленушілерге келтірген шығынды 2 айдың ішінде өтеп беруге міндеттелді. Егер сол аралықта қарызды қайтармаса, іс мәжбүрлеп өндіру үшін сот орындаушыларға жіберіледі. Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ.