Үшінші мегаполисте бітіруші түлектерге арналған «Жас маман-2024» бос орындар жәрмеңкесі өтті. Онда 150 мекеме М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті студенттері үшін жұмыс орындарын ұсынды.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Жас маман-2024» бос орындар жәрмеңкесі өтті. Науқан қатысушысы Темірхан Әбжан биыл заң факультетін бітіреді. Сондықтан осында келіп, өзінің түйіндемесін құқық қорғау органдарына өткізіп жатыр. Өндірістік тәжірибесін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен студент бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік алаңы екенін айтады.
«Бірнеше жерге қазір түйіндемемді тастадым. Өзімнің салама байланысты адвокаттар алқасына, құқықтық қолдау, мемлекеттік қызметтер агенттігіне барып, кеңес алдым. Қазір прокуратураны күтіп жүрмін. Қазір арнайы өкілі кететін болса, өз түйіндемемді тастаймын. Жәрмеңкеде белгілі бір жұмыс орнын тауып кетпегеннің өзінде де, жұмыс жүйелерімен танысып, қандай салаға баратынымызға бағыт беріп жатыр. Осының өзі де қолдау деп білемін», — дейді бітіруші түлек Темірхан Әбжан.
80 жылдық тарихы бар мекемеден биыл 9 мыңға тарта студент түлеп ұшады. Бүгін оларды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, болашаққа бағыт-бағдар беру үшін арнайы жәрмеңке ұйымдастырылды. Оқу орнының басшылығы осындай шаралар арқылы өз шәкірттеріне қолдау көрсетуді көздеп отырғанын айтады.
«Университеттің міндеті студенттерді жақсы маман етіп тәрбиелеу ғана емес. Сонымен қатар, жұмыспен қамту жағына да мән береді. Себебі ол ел экономикасына ықпал ететіні анық. Сондықтан осындай бос орындар жәрмеңкесін өткізіп отырмыз. Нарыққа білікті мамандар керек. Сол жұмыс беруші мен студенттерді бір алаңға жинап, өз мәселесін бірлесіп шешу үшін жасалып жатқан іс-шара», -дейді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ректорының м.а. Қайрат Нұрманбетов.
Іс-шарада 150 мекеме мыңға тарта бос жұмыс орнын ұсынды. Қазірдің өзінде білім ордасы мен кәсіпкерлер арасында тығыз байланыстың арқасында техникалық мамандық студенттері алдын ала жұмыс орындарын тауып қойыпты. Сондықтан жәрмеңке барысында белсенді жұмыс беруші азаматтарды оқу орны алғыс хатпен марапаттады.