Шымкенттегі №39 мектеп бітіруші түлектерімен қоштасты

180

Шымкенттегі №39 мектеп түлектері үшін де соңғы қоңырау соғылды. Төрт бірдей 11-сынып оқушылары үлкен өмірге қадам басты! Бітірушілердің басым бөлігі келешекте бизнесмен, шенеунік не ғалым болуды армандайды. Жас түлектер әлі талай биікті бағындыратынына сенімді! Мектеп бітірушілерді мәслихат депутаты Әйгерім Жұмақұлова құттықтап қайтты.

Бұл қуаныш пен қимастықтың көз жасы! Шымкент қаласындағы №39 мектеп «Соңғы қоңырау» салтанатына дайындық үстінде. Бітіруші қыздар 11 жыл білім берген алтын ұясын қимай көз жасына ерік берсе, жігіттер өз сезімдерін білдірмеуге тырысады. Ал ұстаздар, қанат қаққалы тұрған балапандарына сәттілік тілеп, ақ тілегін жаудырды.

Бітіруші түлектер алтын ұя мектебінің мақтаныштары! Олардың арасында спортшылар, үздік оқушылар, түрлі жарыстың жеңімпаздары да бар.

Мектеп вальсі, әндер мен гүлдер, ұстазға деген ақ тілек – бүгінгі күннің көркін келтірді. Жас түлектер 11 жыл білім нәрімен сусындатқан мұғалімдерге өмірлік сабақ бергені үшін алғысын білдіруде.

Оқушылардың жүреқ қағысы жиілейтін ең маңызды сәт – соңғы қоңырау да келіп жетті.

Бүгін он бірінші сынып оқушыларына арналған гүл шоқтары мен ақтарылған ақжарма тілекте шек болмады. Бітірушілердің алдағы өміріне ақ жол тілеуге мәслихат депутаты Әйгерім Жұмақұлова да келді. Ол да дәл осы №39-шы мектептің түлегі. Депутат та дәл осылай сыныптастарымен мерекелік сапта тұрып, алтын ұя мектебімен қоштасқан.

Әйгерім Жұмақұлова, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты: «Бұл өмірде үлкен жетістіктер тілеймін! Бақыт денсаулық және ең бастысы қашан, қайда болса да ата-аналарыңыздың ақ батасын алыңыздар! Қандай мамандық иесі болғыларыңыз келсе де, өз ісінің шебері ааануға тырысыңыздар!».

Енді түлектерді алда үлкен өмірге жол бастайтын емтихандар күтеді. Бітірушілер енді мемлекеттік емтиханға дайындалып, Ұлттық бірыңғай тест тапсырады.