Жібек жолы көшесі апатты аймаққа айналған ба?

0
фото Отырар.кз

Таскендік тұрғындар Жібек жолы көшесі бойындағы қиылыс апат орнына айналды деген шағымын жеткізді. Сөздерінше бірнеше жылдан бері онда жол апаты жиі тіркеліп, азаматтар зардап шегіп келеді. Ал осы айда 13 жастағы жасөспірімді жеңіл көлік қағып, 65 метр жерге дейін сүйреп кеткен.

«Департаменттегілер не қарап отыр? Әлде солардың бірінің баласы өлуі керек пе? Не деген сұмдық бұл? Баланы 65 метрге сүйреп кеткен. Қаны, көліктің майы әлі жатыр», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Абылғазы Айымбетов.

Жергілікті жұртшылық «Тесік көпір» атап кеткен Таскен елді мекеніндегі жол қиылысы нағыз апат алаңына айналды дейді тұрғындар. Себебі 10 шақты күн бұрын мұнда 13 жастағы баланы көлік қағып, қаза тапты. Оқиға, марқұм кешке жолдың арғы бетіндегі спорт алаңына барып келе жатқан кезде орын алған. Бағдаршамның жасыл түсі жанғанда көшеден өтпек болған жасөспірімді қатты жылдамдықпен келген автокөлік сүйреп кеткен. Жалғыз ұлынан айырылған ана енді мұндай жағдай қайталанбаса дейді.

«Балам тіл қатпай өліп кетті. Сондықтан барлық құзырлы органдардан, Шымкент қаласының әкімдігінен «Сергек» камерасын, яғни тіркеуі бар камераны орнатуды сұранамын. 3-і күні менің баламды қаққаннан кейін 4-іне де, 5-іне де осындай жағдай тіркелді. Ол кезде естуім бойынша 1 адам жансақтау бөлімінде жатыр деді, ал 1 адам ауруханада қаза тапты деді», – деді Шымкент қаласының тұрғыны Жұлдызай Бектұрсынова.

Ал жол апатының куәгерлері баланың велосипеді шашылып қалғанын айтады. Тіпті оның бөлшектерін әр жерден жинап алыпты.

«Көліктің қатты келгені соншалықты баланың жетектеп келе жатқан велосипедінің рулі мен алдыңғы дөңгелегін түн жарымда жолдың ана жағынан, сайдың ішінен тауып алдық. Ертесіне барып тергеушіден сұрасақ, камера түсірмеген дейді. Мына камералар неге тұр сонда?», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Абылғазы Айымбетов.

Бұл жалғыз жайт емес. таскендіктер бірнеше жылдан бері қаншама тұрғын осы жол бойында мерт болса, енді бірі мүгедек болып қалғанын айтады. Ал жыл басынан бері тағы да бірнеше адамды дәл осы Жібек жолы көшесінде көлік соғып кеткен. Оның себебін жиналған халық бақылау камерасымен байланыстырады. Сөздерінше бейнебақылау жол қозғалысын тіркемегендіктен жүргізушілер жылдамдықты асырып, қызыл жанғанда да жүргіншілер жолағын кесіп өтіп кете береді екен.

«Жақында қызымды соғып кетті. Аяғы сынды, қолы сынды. Қазір жатыр жүре алмайды. Сабаққа да бара алмайды. Студент еді. Бұл бұрыннан сондай, ешқандай жол белгісі де жоқ. Бағдаршам қойып еді. Оның ешқандай да күші жоқ. «Сергек» камера болу керек мұнда. Қосымша жол белгісін қойса жүргізушілер жылдамдықты түсіретін еді. Арғы бетте мектеп бар. Бергі бетте мектеп бар. Балалар сабаққа өтеді. Қашанғы бұлай бола береді. Мына бағдаршамға қарап тұрамыз ғой. Қызыл жанып тұрғанына қарамастан машиналар екі жақтан да тоқтаусыз өте береді. Қайта адамдар қашып тұрады», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Үрият Абдуллаева.

Тәртіп сақшылары тұрғындар арызына орай бейнебақылау қоюға мемлекеттік конкурс өткізіліп жатқанын айтады. Полицейлер егер мердігер мекеме анықталса, жыл соңына дейін Сергек қойылады деп сендірді.

«Ағымдағы жылы Шымкент қаласында жол жүріс қауіпсіздігін алдын алу мақсатында 75 орынға көлік жүргізушінің жол жүрісі қағидаларын анықтайтын бейнежазба камераларын орнату мекенжай бағдарламасы дайындалды. Алдағы уақытта осы дайындалған бағдарлама бойынша Шымкент қаласы Жібек жолы көшесінің бойындағы Таскен елді мекеніндегі бағдаршамға жол жүріс қағидаларын анықтайтын бейнежазба камерасы орнатылатын болады», – дейді Шымкент қаласы ӘПБ жол-техникалық инспекциясы бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі инспекторы Серік Жақсылықов.

Тұрғындар осы жол бойында қаза тапқандардың басым бөлігі жастар екенін айтады. Ашынған халық балаларының амандығы үшін, камера қойылмайынша тынышталмаймыз дейді. Тіпті олар көше бойын жауып тастауға дайын.