Банкрот болып танылған азаматтардың 40 млрд теңге қарызы кешірілді

31
фото ОКҚ

Халықтың шамадан тыс несиеленуі мәселесін шешу құралдарының бірі «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңы болып табылады. Құжат былтыр өз күшіне еніп, қыркүйек айынан бастап өтініш берген алғашқы азаматтар банкрот болып таныла бастады.

Бұл процесс онлайн форматта жүргізіледі. Ол үшін «Жеке тұлғаларадың банкроттығы» деген ақпараттық жүйе құрылды. Жүйе бойынша әр адам өзінің арызы мен оны қарастыру процесін қадағалай алады. Бұл жайлы ҚР қаржы вице-министрі Ержан Біржанов ОКҚ алаңында айтты.
102 мың арызданушының 13 мыңы соттан тыс банкрот болып танылды. Оның ішінде 27 млрд теңге кешірілді. Көп арызданушының құжаттары кері қайтарылды. Оған мүлік пен автокөліктің болуы, банкпен қарым-қатынастарды реттеу бойынша қағаздың және қаржылық ұйымдардың тізімінде болмауы себеп болды.
«Соттық режимде де арыздар қаралды. Бұл арыздар бойынша 12,2 млрд қарыз кешірілді. Бүгінгі таңда жеке тұлғалар – 13 мың адам банкрот деп танылды. Кешірілген сома 40 млрд теңгені құрайды. Екі процедураны қосқанда», – деді спикер.
Жауапты ведомство қабылданған Заңға бірқатар өзгеріс енгізуді жөн көрді. Мәселен, енді қаржы ұйымдарымен қарым-қатынасты реттеу құжаты болмаса, оны ақпараттық жүйеден алуға мүмкіндік беріледі. Тізімнен табылмаған арызданушы өз арызын қайта бере алады. Шетелге шығу рәсімін қалпына келтіру кезінде сот шешімі шығып, жоспар қойылғанға дейін ғана шектеу қойып, одан кейін шектеуді алып тастау көзделген.
Банкрот болып танылғандардың арасындаы атаулы әлеуметтік көмек алатын 1200 азамат бар. Олардың 1,4 млрд теңге қарызы кешірілді. 5 жылдан астам уақыт қарызы бар 6500 адам банкрот деп танылды. Олардың 18 млрд теңге қарызы кешірілді.