Өткен демалыс күндері «Шымкент барысы — 2024» турнирі өтті. Биылғы бәсекеге 25 балуан қатысты. Жауырыны жерге тимей жеңімпаз атанған балуанға жарты миллион теңге сыйақы берілді. Сонымен, биыл «Шымкент барысы» атағына кім лайықты болды?
Жауырыны қақпақтай бұл азаматтар «Шымкент барысы» атағын алуға арналған бәсекеге келіп отыр. Алайда, көш бастаған қолбасшыдай ортада тұрған Ерсұлтан Мұзаппаров бұл жолы да есесін жібермеді. Елге «Оңтүстік барысы» лақап атымен танылған балуан осымен алтыншы рет «Шымкент барысы» атанды.
Шымкентте «Қазақстан барысы» республикалық турниріне іріктеу жарысы өтті. Биылғы бәсекеде салмағы 90 келіден асатын 25 балуан белдесті. Турнирдің ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ұлттық спортқа әрқашан қолдау болатынын жеткізді.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбарасы: «Біздің қаламызда қала әкімі Ғ.Әбдімәжитұлының тікелей нұсқауымен ұлттық күресімізге ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл салада қаншама жаттықтырушылар жұмыс істейді. Қаншама спортшылар жаттығады. Соның барлығына жағдай жасалып жатыр»
Маратбек Мықтыбеков, Шымкент қаласы спорт басқармасының басшысы: «Бүгінгі жарыс үлкен деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шараны Шымкент қаласы қазақша күрес федерациясымен біздің басқарма бірлесіп өткізіп жатыр. Біздің балуандарымыз сақадай сай. Іріктеліп шыққан 2 балуан Республикалық Қазақстан барысына қатысады»
Ерсұлтан Мұзаппаров турнир жеңімпазы атанса, екінші орынды Нұрсұлтан Қожагелдіұлы иеленді. Енді шымкенттік қос балуан елордасы Астанада өтетін «Қазақстан барысында» қаламыздың намысын қорғайды. Айта кетсек, іріктеу жарысында «Шымкент барысы» 500 мың теңгені қанжығасына байласа, екінші орын иегері 300 мың теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды.