Шымкентте «Жер-2024» республикалық командалық – штабтық оқу-жаттығуы өтті. Онда жер сілкінісі болған жағдайда мегаполистің авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарының, азаматтық қорғау қызметтерінің іс-қимылдары пысықталды.
Шымкент қаласы әкімдігінде дабыл қағылып, барлық қызметкер сыртқа шықты. Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы мамандары ғимарат алдында қаптап жүр. Олар 16 қабатты нысанның ішінде жараланған адамды сыртқа шығаруға тырысып жатыр.
Мұның барлығы алдын ала дайындалған оқу-жаттығудың сценарийі. Осылайша, әкімдік қызметкерлері аяқ асты орын алатын төтенше жағдайларға дайындалды. Ал төтеншеліктердің техникасы мен қызметкерлерінің дайындығы пысықталды. «Жер-2024» оқу-жаттығу шарасы аясында төтенше жағдайлар департаментінен 8 техника мен 32 қызметкер жұмылдырылды.
Нұржан Қаракөзов, Шымкент қаласы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы: «Шымкент қаласы әкімі аппараты және тиісті басқарма қызметкерлері пәрменді естіп қауіпсіз аймаққа шықты. Оқу-жаттығудың сценариына сәйкес көпқабатты ғимаратта жәбірленуші қалып қояды. Кейіннен оны қауіпсіз аймаққа шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Мұндай оқу-жаттығу алдағы уақытта да жалғасын табады»
Айта кетсек, «Жер-2024» оқу жаттығу жиыны маусым айының 3-4 аралығында республика көлемінде өтті. Мұндағы мақсат халықты төтенше жағдайға дайындау және оқыту.