«Шегірткемен күреске қосымша 3,9 млрд теңге бөлінді»

29
фото Отырар.кз

Түркістан облысында марокколық шегірткенің таралу аймағы кеңейді. Зиянкестермен күрес жұмысы жүргізілгенмен, нәтиже аз. Сондықтан ауыл шаруашылығы министрі аймаққа келіп, ахуалмен танысты.

Арыстық дихан Нұрпейіс Мамытов қарбыз өсірумен айналысады. Ол биыл төрт гектар алқапқа аталған жидек түрін еккен. Бейнетінің зейнетін көретін кезде егістікті шегіртке басып, еңбегі зая кеткен. Шаруаның сөзінше, бастапқыда қанаттылармен күресті өздері жүргізіпті.

«Баллон жақтық алғашқыда, кейін трактормен шаша бастады. Бертін келе машинамен, кейін ұшақпен шаша бастады. Бәрін жасап жатыр ғой. Енді әлі қуануға ерте. Балапанды күзде сана деген бар ғой. Әлі алда не болары белгісіз», -дейді Арыс ауданының тұрғыны Нұрпейіс Мамытов.

Аймақтағы ахуалмен танысуға ауыл шаруашылығы министрі келді. Ол техникалық мүмкіндіктерді бақылап, мәселенің шешімін қарастырды.

Министр зиянкеспен күресуге қажетті дәрі-дәрмек көлемі алдағы уақытта артатынын айтады. Себебі алдын ала болжам жасалып, қосымша қаржы бөлінген.

«Өткен жылғымен салыстырғанда шегіртке тараған аймақ 1 млн гектарға көп. Сондықтан жұмыс көбейді. 2 жарым млн гектар жерге тарады. Оны жасау үшін күзде санын біліп алғанан кейін, препараттарға 4,2 млрд қаржы бөлінген еді. Кейін 1 гектарға көбейгендіктен 3,9 млрд. теңге қосымша қаржы алдық. Премьер-Министр келісім берді», — дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Биыл қауіпті марокколық шегірткенің таралу аймағы айтарлықтай өсті. Ведомсто басшысы қосымша көмек көрсетіледі деп отыр. Ал еліміз бойынша 400-ден аса бірлік техника зиянкестермен күрес жұмысын жүргізіп жатыр.