Шетелге жұмысқа бару үшін баласын мешітке тастап кеткен

0

Түркістандық ата-аналар Кореяға жұмысқа барамын деп баласын мешіттің қарауына қалдырған жайттар анықталды.

Өңірлік прокуратура мәліметінше 20 баланы түрлі себептермен дін өкілдеріне сеніп тапсырған. Мамандар мұндай факті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында өткізілген іс-шара барысында белгілі болғанын айтады.

«Жетісай және Төлеби аудандарында уәкілетті органдардың назарынан тыс қалған 250 отбасы мешіттен көмек сұраған, оның ішінде 20 баланы ата-анасы түрлі себептермен мешіттерге қалдырған болатын. Аталған отбасылармен сөйлесу барысында олардың қарапайым мемлекеттік көмек алу процедураларын білмейтіні мәлім болды», – дейді Түркістан облысы прокурорының көмекшісі Мақсат Жүсіпбай.

Сонымен қатар, өңірде кәмелетке толмаған мың жарым баланы ешқандай ресми құжаттарсыз туыстарының тәрбиесіне беру фактісі тіркелді. Қазір оларды ата-анасына қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық прокуратура өкілдері бұл жайтты бақылауына алдық дейді.

«Шардара ауданының өзінде 215 кәмелетке толмаған баланың ата-аналары өздеріне заңмен жүктелген тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамай, түрлі отбасылық себептермен өз балаларын туыстарының қарауына заңда белгіленген тәртіпке қайшы қалдырған. Осыған сәйкес прокуратура тарапынан уәкілетті органдарға заңнама түсіндіру, көмек көрсету және кемшіліктерді жою туралы тапсырмалар берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда және прокуратураның бақылауында», -дейді Түркістан облысы прокурорының көмекшісі Мақсат Жүсіпбай.