64 млн теңгеден астам соманы заңсыз иеленген бухгалтер сотталды.
Шымкенттегі орта мектептің бас есепшісі ай сайын өз шотына жалақысынан жоғары сома аударып отырған. Сөйтіп, бірнеше жыл ішінде мектеп бюджетіне 64 млн 295 мың теңге залал келтірген.
Істі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қарады. Сотталушыға бөтеннің сеніп тапсырған аса ірі мөлшердегі мүлкін иелену және талан-таражға салу бабы бойынша айып тағылды.
«Шымкент қаласындағы жалпы орта білім беретін мектебінің бас есепшісі лауазымын атқарып жүріп, 2021-2023 жылдар аралығында белгіленген еңбекақы сомасынан артық мөлшердегі қаражатты өзінің шотына аударып отырған. Нәтижесінде, К. өзіне сеніп тапсырылған 64 295 513 теңге, яғни аса ірі мөлшердегі мемлекеттің ақшасын жымқырған. Қазіргі таңда келтірілген шығын өтелмеген. Сотталушының кінәсі өзінің мойындап берген жауаптарымен, жәбірленуші өкілінің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді», — деп мәлімдеді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Экс-бухгалтер 8 жылға сотталды. Сондай-ақ, сот оны мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.