Анасына қол жұмсаған полицей жұмыстан босатылды

226

Шымкенттік полицейді анасы сотқа берді. Сөзінше, ұлы ұрып, денсаулығына зиян келтірген. Оқиға сәуір айында болған. Жағдайға қатысты Полиция департаменті тарапынан қызметтік тексеру жүргізілген. 

Ер адам өзінің әйелі мен анасы жанжалдасқан уақытта оларды арашалау барысында анасының денсаулығына жеңіл дәрежеде зиян келтірген.

«2024 жылғы 27 сәуір күні кешкі уақытта Астана шағынауданында орналасқан пәтерде болған жанжал барысында құқықбұзушы өзінің анасын ұрып, денсаулығына қасақана жеңіл дәрежеде зиян келтірген. Оның кінәсі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, тараптардың түсініктерімен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен толық дәлелденеді. Сотта айыпталушы өзінің кінәсін мойындап, өкінетінін айтып, өз үйінде туған анасын жанжал үстінде ұрғандығын растап, істеген іс-әрекеті үшін кешірім сұрады», — деп мәлімдеді Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Оқиғаға қатысты Полиция департаменті тарапынан қызметтік тексеру жүргізілді. Бүгінгі таңда Жедел басқару орталығының экс-инспекторы жұмысынан босатылды.

«Аталған жайтқа қатысты іс-құжаттар жинақталып, шешім қабылдау үшін мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған. Сонымен қатар, жайт бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, оның нәтижесімен полиция қызметкері ішкі істер органдарынан шығарылды», — делінген полиция мәліметінде.

Сот 2024 жылғы 4 шілдедегі қаулысымен полиция қызметкерін денсаулыққа қасақана жеңіл дәрежеде зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, оған жаза ретінде ескерту берілді. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

(Фото: polisia.kz)