Шымкентте 733 адам «Күміс жас» жобасы арқылы жұмыспен қамтылды

Фото: mskobr.ru

Шымкент қаласында 2024 жылдың 28 маусымдағы жағдайы бойынша 733 адам «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналастырылды. Биыл осы бағыт бойынша 768 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын.

Бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қатыса алады. Жобаға қатысу үшін өзі тіркелген мекен жай бойынша аудандық мансап орталығына өтініш беру қажет.
«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнына, сондай-ақ зейнеталды жастағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмысқа орналастыруға міндетті.
«Күміс жас» жобасын қаржыландыруды еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің жоба аясында жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру жолымен жүзеге асырады. Субсидиялар мөлшері: жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды.
Жобаға қатысқан шымкенттіктер бұл туралы өзінің оң пікірін білдіріп жатыр. Мәселен қала тұрғыны Қали Ажибаев 51 жасында жобаға қатысып, өзінің мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.
–2024 жылдың қаңтар айында жұмыс іздеп Қаратау аудандық мансап ортылығының қызметіне жүгіндім. Орталық қызметкерлірдің көмегімен жұмыссыз ретінде тіркеліп, «Күміс жас» жобасы бойынша берілген жолдамасы арқылы «Болашақ» ақпараттық-оңалту орталығында әңгімелесуден өттім. Қазіргі сәтте сол мекемеде заңгер болып жұмыс істеймін және өз жұмысыма өте ризамын, – дейді Қ.Ажибаев.