Түркістанда жаңа зауыттың іргетасы қаланды

18
фото: ТО әкімінің баспасөз қызметі

Түркістандағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыттың іргетасын қаланды. Онда құрылыс заттары, ауыр көлік бөлшектері шығарылады. 

Өңірде бой көтеретін жобаның ашылуына облыс басшысы арнайы барып, капсуласын қойды.

«Өндіріс орындарын ашу, жұмыс орындарын көбейту – негізгі бағытымыз. Түркістан облысында осы салаға назар аударылып, тиісті жұмыс жүруде. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, маңызды келісімдер жасалып жатыр. Бүгін іргетасы қаланған зауыт та өңірдің әлеуетін көтеруге серпін береді деген ойдамын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», — деді Дархан Сатыбалды.

«PSI Machinery» компаниясының бұл зауыты тау-кен ісіне және құрылыстың өзге де салаларына бағыталған ауыр құрылғылар, жүк көліктері мен техникаларға арналған шыдамды тіркемелер, бөлшектер, металл конструкторлары шығарылады. Жобаның құны – 8,33 млрд теңге. Жер аумағы – 20 гектар, 200 адам жұмыспен қамтылады. 2025 жылы ашылатын зауыттың жылдық қуаттылығы – 965 тонна.

Айта кетейік, PSI – бұл PSI Engineering, PSI Energy & Control және Қарасай машина өндіру зауыты (QMOZ) кіретін жалпы танылған компаниялар тобы. 2002 жылы құрылған. Топ инженерлік жобалау мен материалдық-техникалық жабдықтаудан бастап, өнеркәсіптік объектілерді салуға және пайдалануға беруге, сондай-ақ тау-кен өнеркәсібін, энергетиканы, металдар мен мұнай мен газды қоса алғанда, нарықтың негізгі секторлары үшін металл конструкциялары мен модульдік қосалқы станцияларды дайындауға дейінгі кешенді қызметтерді ұсынады.

Бүгінгі таңда PSI Group компаниясында 2000-нан астам адам жұмыс істейді. Серіктестері: «KAZ Minerals» ЖШС, «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В.», «Karabatan Utility Solutions» ЖШС, «KATKO» БК ЖШС, «Қазхром» ТҰК» АҚ және өзгелер.