«Auzhan KTL» көптілді лицейінде олимпиада өтті

34
фото Отырар.кз

Жаңадан бой көтерген «AUZHAN KTL» көптілді лицейі оқушыларды қабылдап жатыр. Білім беру мекемесі шәкірттерге арнап олимпиада өткізді. Сұрақтарға дұрыс жауап берген балалар мектепте тегін оқуға мүмкіндік алады. 

«Аужан» көптілді лицейі оқушылар арасында олимпиада өткізді. Сұрақтарға дұрыс жауап беріп, белгілі межеге жеткен бала заманауи мектепте тегін білім алуға мүмкіндік алады. Гүлзат Қалмұрзаева олимпиадаға екі бірдей баласын алып келді. Ата-ананы Auzhan KTL-дағы үш тілді білім беру бағдарламасы қызықтырған.

Гүлзат Қалмұрзаева, ата-ана: «Мен қызым мен баламды алып келдім. Қазір олимпиадаға қатысып жатыр. Енді бұл мектеп көптілді болғаннан кейін ұнады. Заман талабына сай оқу болғаннан кейін таңдадық»

Мектеп директоры олимпиаданың әділ өтетінін айтты. Мұндағы сұрақтар баланың жас ерекшелігіне қарай дайындалған. Лицей оқушылар үшін жоғарғы деңгейдегі оқу бағдарламасын әзірлеген. Білім мекемесінде балаларға әлемнің озық университеттеріне оқуға түсуге кәсіби бағдар беріледі.

Әлібек Алатаев, «Auzhan KTL» көптілді мектеп-лицейінің директоры: «Бүгінгі олимпиадамыз бастауыш сыныптан бастап, 6-шы сыныпқа дейін өтіп жатыр. Математика, ағылшын тілі және жаратылыстану пәндерінен. Сұрақтардың саны сыныптарына қарай әртүрлі. Тексеру командасы мұқият ұйымдастырылды. Олимпиадамыз барынша әділ өтеді. 100%, 50%, 30% гранттарымызды жариялап, нәтиже бойынша береміз»

1338 балаға арналған лицейде 60 оқу аудиториясы мен кеңейтілген зертханалар бар. Мектепте 30-дан аса үйірме де жұмыс істейді. Мұнда балалар ағылшын тілінен бөлек тағы бір шет тілін меңгеріп шығады. Ол үшін неміс, француз, қытай, түрік және араб тілдері оқытылады. Сондай ақ, білім мекемесінде еңбекке баулу мәселесі де басты назарға қойылған.

Әлімхан Әбжанов, құрылтайшы: «Еңбекке баулу мәселесі өте жақсы жолға қойылды деп есептеймін. 30-дан астам үйірме бар. Өнер, робототехника, жасанды интелект заман талабы. Бірақ қарапайым үйдегі розетканы бұрау, қыздардың үйде тамақ жасауы деген сияқты жағдайлардың барлығына бізде жағдай жасалған»

«Auzhan» көптілді лицейінде балалар үшін жайлы және заманауи кампус жасақталған. Мұнда спорт алаңдары мен аспан асты амфитеатр да бар. Ең бастысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күзет қызметі мен Face ID есебі қойылған. Балалар үшін барлық жағдай жасалған білім ұясы Қазақстанның барлық өңірінен оқушыларды қабылдауға дайын.

Мекен-жайы: Тассай тұрғын алабы, 1680/13.