Өткен апта соңында Шымкент қаласының әкімі халықпен көшпелі кездесу өткізді. Бұл жолы мегаполис басшысы Абай ауданындағы мәселелерді тыңдады. Ашық кездесуге жиналған жергілікті тұрғындардың қарасы қалың болды. Халық нендей мәселені көтерді? Әкімнің жауабы қандай болды?
Қала әкімінің сенбі күнгі көшпелі кездесуі Абай ауданынан басталды. Халықпен ашық кездесуге шыққан мегаполис басшысын жұртшылық ортаға алып, бірден мәселесін айта кетті. Қызылжар шағынауданындағы тұрғындардың бірі жаңа медициналық мекеме қажет десе, енді бірі қосымша мектеп салу керек деді. Сондай ақ, халық қоғамдық көліктің мәселесін де көтерді.
«Бізде қоғамдық көлік жүрмейді деп айтпаймын. Жүріп жатыр. Бірақ арасы кейде ұзап кетеді. Сосын автопарк ескірген! Күнде 2-4 рет бұзылып калады. Сөйтіп тұрғындарға қиыншылық тудырып жатыр. Жалғыз маршрут жүреді. Бекжан базардан бізге дейінгі 15 шақырым жерге жалғыз автобус қатынайды»,- деді тұрғындар.
Ауданда мұндай мәселенің бар екенін әкім де жасырмады. Базынасын айтқан халыққа Ғабит Сыздықбековтің жауабы дайын болды.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Автобустар ескірген. Ол рас. Қазір енді жаңа автобус алайын деп жатыр. «Shymkent bus» деген мекеме. Олар құжаттарын дайындап жатыр. Жаңа үлкен автобустар келген, ауысады. «Анкай» деген тозып кеткен, ол рас»
Көшпелі кездесу ұйымдастырған әкімге мәселесін айтуға келгендердің қарасы қалың болды. Мегаполис басшысы Нұршуақ, Жиделі шағынаудандарында да болып, тұрғындардың мәселесін тыңдады. Ғабит Сыздықбековке базынасын айтқан халық талап-тілегіміз жерде қалмайды деген үмітте.