Жалған ақшаны сатқан тұлғалар сотты болды

39
фото Егемен.кз

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бес сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Тағылған айып: Ж.-ға ҚК-нің 231-бабы 2-бөлігінің 1), 2), 3) тармақтарымен (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет ірі мөлшерде жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасап, сақтау);

А.-ға, Б.-ға, Д.-ға ҚК-нің 231-бабы 2-бөлігінің 1), 3) тармағымен (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен ірі мөлшерде жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасап, сақтау); Ж.-ға ҚК-нің 231-бабы 2-бөлігінің 1), 3) тармағымен, 392-бабының 1-бөлігімен (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен ірі мөлшерде жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасап, сақтау және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы өткізу пункттерінен тысқары жерден қасақана заңсыз кесіп өту) айыпталған.
Сотталушылар адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша, бірнеше рет жалған ақшаны ірі көлемде — 75 800 АҚШ долларын (теңгемен есептегенде 34 106 210 теңге) сақтаған және сатқан. Сонымен қатар, сотталушы Ж. Қазақстан Республикасының шекарасынан аталған шетел валютасын заңсыз өткізген.
Сотталушылардың кінәларі өздерінің жауаптарымен, куәнің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді.
Тараптардың позициясы: Прокурор сотталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар Ж. мен А. кінәсін толық мойындап, істеген іс-әрекеттеріне шынайы өкініш білдірді және бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды, ал Б., Д., Ж. кінәсін ішінара мойындап, өздерін ақтауды сұрады.
Сот, қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылардың асырауында жас балдарының болуын, істеген іс-әрекеттеріне шынайы өкініш білдіргендерін ескерді. Қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар ретінде: Ж.-ның іс-әрекетінде қылмыстардың қауіпті қайталануын таныған, қалған сотталушыларда ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот: Ж.-ға ҚК-нің 231-бабы 2-бөлігінің 1), 2), 3) тармағымен 6 жылға;
А.-ға, Б.-ға, Д.-ға ҚК-нің 231-бабы 2-бөлігінің 1), 3) тармағымен әр қайсысына 5 жылға; Ж.-ға ҚК-нің 231-бабы 2-бөлігінің 1), 3) тармағымен, 392-бабының 1-бөлігімен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.