Олжас Бектенов Шымкентке жұмыс сапарымен келді. Мұнда Премьер-Министр ауыл шаруашылығындағы өңдеу, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі салаларының өкілдерімен кездесті.
Бұл қаламыздағы табиғи өнімнен джем мен шырын өндіретін кәсіпорын. Мұнда сағатына 7 тоннаға дейін көкөніс пен жемістерді өңдеуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, компания отандық өнім шығару үшін 45 гектар алқапқа тамшылатып суару жүйесі арқылы алма, шабдалы, алмұрт және жүзім өсіреді.
«Мұнда бақша өсіріледі. Алманың 7 түрі, жүзім, қараөрік бар. Президентіміздің терең өңдеу туралы тапсырмасынан кейін 2021 жылы осы жеміс-жидек өңдеу зауыты ашылды. Сағатына 7 тонна өнім шығара аламыз. Дайын өнім Қазақстанның барлық өңіріне жіберіледі. Қазір Қытаймен байланыс орнатылып жатыр», — дейді «Алан және Компаниясы» ЖШС-нің директоры Абдулахап Ырсымбетов.
Осы сынды ауыл шаруашылығындағы өңдеу, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі саласында ашылған кәсіпорын жұмысымен Олжас Бектенов танысып қайтты. Сонымен қатар сапар барысында Премьер-Министр жаңа салынып жатқан бірқатар тұрғын үй, әлеуметтік нысан және жол құрылысымен танысты. Атап айтқанда, қалада жыл соңына дейін 2 жарым мың пәтерді ел игілігіне беру көзделген.
«17,2 гектар жер теліміне 35 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Қазір 5 қабатты 26 тұрғын үй құрылысы аяқталды. Бұл 780 пәтер. Мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғындарға үлестіру жоспарда бар. Құрылысқа қолданылған кірпіш жергілікті өнім. Қазір айналасын абаттандыру, инженерлік желілерін, сыртқы инженерлік желілерін тарту жұмысы жүріп жатыр. Онда үйлердің арасына аллея да қарастырылған», — дейді Шымкент қаласының құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Әжібаев.
Премьер-Министр бизнесті қолдаудың қолданыстағы шараларының тиімділігі мен нақтылығын одан әрі күшейтудің маңызына назар аударды. Өз кезегінде бизнестен экологияны қорғауға, мектептер мен балабақшаларды және басқа да әлеуметтік нысандарды абаттандыруға, жаңғыртуға үлес қосатын жобаға жауапкершілік жоғары екенін жеткізді.