Шымкенттегі түрмеде жазасын өтеп жатқан азамат белгісіз себеппен көз жұмды. Туыстары 37 жастағы жігітті мекеме қызметкерлері ұрып өлтірді деп отыр. Ал, тәртіп сақшылары өлімнің созылмалы аурудан болғанын айтуда. Қайғылы жағдай 7-ші қыркүйекте болған. Мекеме басшысы бопсалау бабымен үш жарым жылға сотталған ер адамның түрмеге түскелі асқазан ауруы болғанын айтады. Ауру салдарынан бес рет дәрігер көмегіне жүгініпті.
Ал соңғы рет үшінші қыркүйекте ауруханаға жатқызылып, сол жақта азамат қайтыс болған екен. Қазір медицина және түзеу мекемесінің мамандарына қатысты қызметтік тексеру басталды.
Серікбай Дүйсенов, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты № 54 мекеменің бастығы: “Тергеу амалдары жүріп жатыр қазір. Қылмыстық іс тіркеліп, одан да бөлек құзырлы органдармен тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Ол кісілер бізге сенбейді, әрине. Бізді ұрды-соқты деп түсініп жатқан шығар. Бірақ тексеру қорытындысы шығады. Қосымша хабарланады ол кісілерге де”.
Марқұм жазасын өтеуші түрмеге бір ай бұрын түскен екен. Оның артында 3 баласы мен келіншегі қалды. Ал, қылмыстық істің қай бап бойынша қозғалатыны сот-медициналық сараптамасынан соң белгілі болады.