Түркістан облысында еліміздегі ең үлкен жылыжай кешені салынып жатыр. Бұл жобаға 524 млрд. теңге көлеміндегі инвестиция тартылған. Енді кешен өз жұмысын бастаса 7 мың адам жұмыспен қамтылмақ.
Түркістан облысы, Келес ауданында еліміздегі ең үлкен жылыжай кешені салынып жатыр. Аумағы 500 гектардан асатын орында жылына 240 мың тонна көкөніс өсірілмек. Инвесторлар қазір жобаның алғашқы кезеңінің жүзеге асып жатқандығын айтты.
Александр Рудаков, «Эко-культура» холдингінің президенті: «Келес ауданындағы жобамыз алдағы ақпан айында іске қосыла бастайды. Жұмысшыларды қабылдап, барлық әлеуметтік қолдау көрсетеміз. 2025 жылдың аяғында құрылыс толық аяқталып, ауқымды жұмысты бастаймыз. Біз байлыққа кенелу үшін емес, инвестиция құйып, жұмыс орындарын барынша ашу үшін келдік. Оны орындауға күш саламыз. Жаңа идеяраңыз, тың жобаларыңыз үшін алғыс айтамыз»
524 млрд. теңге көлеміндегі инвестиция тартылған жоба іске қосылса 7 мың адам жұмыспен қамтылады. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауапты инвесторлармен агро саладағы мәселелерді талқылады.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Тұрғындарымызды жергілікті өніммен қамтып, жұмыс орындарын көптеп ашу – біздің басты мақсатымыз. Біз өз тарапымыздан өнімді сақтауды, қайта өңдеуді жүзеге асыра аламыз. Сіздердің сұраныстарыңызға сай өзіміздің шаруалар дайын өнімін ұсына алады. Ауыл шаруашылығы саласында көш бастап келетін біздің облыста осы саланы барынша дамытуға мүдделіміз. Біз үшін әрқайсыңыз біздің өңірге пайдасы бар өз бизнесін тапқаны маңызды»
Талқылау қорытындысы бойынша тараптар айтылған барлық ұсыныстар мен пікірлердің пысықталатынын атап өтті. Айта кетсек, Түркістан облысында республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы орналасқан.