Шымкентте жас жанұялар арасында “Парасатты отбасы” байқауы өтті. Спорттық жарысқа 15 белсенді отбасыдан құралған команда қатысты. Олар әртүрлі қиындықтар кездесетін 5 кезеңде бақ сынады. Спорттық байқау үздіктеріне қомақты қаржылай сыйлық тарту етілді.
Қыркүйектің соңғы жексенбісінде жас отбасылар арасында жарыс өтті. Парасатты отбасы байқауы ата-аналар мен балалардың арасында спортты насихаттауға өз үлесін қосады дейді жауаптылар.
«Тәуелсіздік – бізге берілген бақыт, халқымыздың баға жетпес құндылығы. Осы күнге дейін жеткен жетістігіміз. Тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін бізге парасатты, оның ішінде дені сау ұрпақ, дені сау отбасы қажет. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған шара – ол бұқаралық спортты дамытып қана қоймастан, жастың дене белсенділігін дамыту арқылы елдің ертеңі болатын жас ұрпақты спортқа, мемлекетті сүюге, отанды сүюге тәрбиелеп отыр», — дейді Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысы орынбасарының м.у.а. Заңғарбек Үсіпахметов.
Байқауға әр отбасыдан 4 адам қатысады. 5 кезеңнен тұратын жарыста өздерінің физикалық қабілеттерін сынайды. Жарысқа қатысушы отбасылардың бірі – Байжановтар жанұясы. Көпбалалы отбасы байқауға жақсы дайындалып келгенін айтады.
Мұрат Байжанов, қатысушы: «Бір ай бойы дайындалдық. Өзіміз спортты сүйеміз. Оның ішінде жүгіруді, отбасымен демалуды. Баріне сәттілік тілеймін қарсылас командаларға. Осындай шаралар көбейе берсін бүкіл елде».
«Парасатты отбасы» байқауына жалпы 15 жас жанұя қатысты. «Жарысты өткізудегі мақсат — халықты салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру», -дейді ұйымдастырушылар.
Шолпан Усманова, «Sergali Turkistan» аймақтық қоғамдық бірлестігінің басшысы: «Парасатты отбасы» спорттық байқауы Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар ісі басқармасының тапсырысы бойынша азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мемлекеттік гранты аясында жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі іс-шараға 15 отбасы қатысуда. Барлығы Шымкент қаласының жас отбасылары. Сайысымыз 5 кезеңнен тұрады. Осы кезеңдерде бақталасып, сайысқа түскендердің арасында бағалы сыйлықтар ойнатылады. Спорттық іс-шарамыз Фитнес-парк жобасы аясында өтіп жатыр. Қатысушылар хат жолдау арқылы өздерінің өтініш беруі негізінде біз іріктеп алдық».
Іс-шара Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар ісі басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Жарыстың бірінші орын жеңімпаздарына 150 мың, екінші орынға 100 мың, ал қола жүлдегерлерге 70 мың теңге көлемінде ақшалай сый табысталды. Сондай-ақ, барлық қатысушы командаға ынталандыру сыйлығы берілді.