«Келес ауданында 13 жасында зорланған қыз бала жүкті боп босанып, мектепке бара алмай жүр», «суицид жасаған балалардың жанайқайын оған дейін ешкім елемеген», «Төлебиде қатігездікке ұшырған балалардың оқиғасын мектебі жасырған», «200 балаға бір душ, мектеп-интернаттағы балалар душқа түсіп үлгеру үшін таңғы сағат 4-те тұрады», «мектеп-интернатта балаларға тамақ жетіспейд», «мектеп ішіндегі дәретхананың кілтін директор ұстайды, балалар сырттағы дәретханаға барады» және тағы сол сияқты түрлі ауыр оқиға. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Түркістан облысына жасаған сапарында қандай сұмдыққа куә болғанын хабарлады. Балалар омбудсменінің жұмыс қорытындысын толықтай жариялап отырмыз. Омбудсмен әр өңірде зерттеп жүргізу кезінде екі мәселеге: заң нормаларын іске асыру және балаларды қорғау жүйесін талдау, балалар мекемелерінің жағдайын тексеруге назар аударған екен.
«Мәселен, мәселелердің мәні мен ауқымдылығын, сондай-ақ енгізіліп жатқан шаралардың маңыздылығын түсіндіру үшін біз анықтаған фактілерді мысал ретінде келтірдім.
1. Сарыағаш ауданының ауылдық мектептерінің бірінде оқушылар біздің сауалнамамызда да, психолог алған анкеталарда да буллинг және бопсалау туралы жазған. Осы мектепте көктемде бір бала өзіне қол жұмсаған, сондай-ақ 15 жасар қыздың зорлық салдарынан жүкті болғаны анықталған. Екі бала да бұрын психологтар салғызған суреттерінде өздерінің нашар халде екенін білдірген, алайда тиісті назар аударылмады. Әлеуметтік қызметкермен, қамқоршылық органдарымен, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектормен жұмыс жүргізілмеді. Олардың анкетада жазған сөздері мен салған суреттері жанайқай болып еді, алайда сол жанайқайларын ешкім елемеді.
2. Төлеби ауданының ауылдық мектебінде бір сыныпта оқитын 4 бала оларды үйде ұратынын, соның ішінде шыбықпен сабайтынын, қатігездікке ұшырайтынын жазған. Алайда психологтар мен мектеп әкімшілігі бұл мәліметті уәкілетті органдарға хабарламады, қажетті жұмыс жүргізілмеді.
3. Сайрам ауданының бір мектебінде бір қыз бала суицид жасауға талпынған, сонда да ешкім оған көмекке денсаулық сақтау қызметтері мен психиатрларды жұмылдырмады, ешқандай қосымша жұмыс жүргізбеді.
Бұл мәселелердің бәрін ең алдымен тамыз айында ашылған Психологиялық қолдау орталығының басшысына көрсеттік. Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қабылданған заңға сәйкес біз қазір жұмыстарын реттеп жатқан бұндай орталықтар барлық облыста ашылды.
Түркістан облысының орталығына мектеп психологтарымен жұмыс істеуді қазірден бастай беру, ал әкімдік болса орталықтың жұмысын ұйымдастыруды жеделдетуі керек.
Екі факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғап жатыр. Бұдан бөлек, Білім беру сапасы департаменті мектеп басшылығын хабарламау және әрекетсіздік үшін жауапқа тартуы тиіс деп санаймын.
Екіншіден, әр ауданда ашылуы тиіс Отбасын қолдау орталықтарына қатысты. Қазіргі таңда облыста 4 орталық жұмыс істеп тұр, жылдың соңына дейін тағы 6 орталық ашылады. Қуантарлық жайт — Түркістан қаласы мен Сайрам ауданының орталықтарында түсінік бар және жұмыс жүріп жатыр. Алайда, Төлеби және Сарыағаш аудандарында орталықтардың қызметін заңға сәйкестендіру қажет, полициямен, патронаждық медбикелермен өзара іс-қимылдан бастап заңды формасына дейін реттеу қажет.
2. Екінші бағыт — балаларды қорғау жүйесін — қамқоршылық органдарын, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияларды және КДН тексеру. Келесі мысалдарды келтірдім:
— Түркістанда мүгедектігі бар баланы анасы базарда қайыр сұрауға мәжбүрлеген;
— Леңгір қаласында 10 бала антисанитариялық және қауіпті жағдайда өмір сүріп жатыр. Көршілердің айтуынша, аналарын алкогольді шамадан тыс тұтынады. Отбасында 4 кішкентай бала болса да, қамқоршылық және патронаждық органдар отбасына бармаған. Балалар жарықсыз өмір сүреді, үйлерінде тамақ жоқ, ылғал;
— Келес ауданында 13 жасында зорлық салдарынан бала босанған қыз жаңа оқу жылынан бастап мектепке келмей жүр. Мектеп директорының орынбасары бұл жағдайдан хабардар болса да, ешқандай шара қолданбаған және істі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолдамаған.
Осы мысалдардың бәрін келтіре отырып, біз қамқоршылық органдарындағы қызметкерлер санының нормативтерін реттеудің қажеттілігін көрсеттік — 5 мың балаға кемінде 1 қызметкер болуы тиіс. Мысалы, Сарыағаш ауданында қазір 1 қызметкерге 58 мың бала келеді. Қызметкердің өзі үлгермей жүргенін, қайсысынан бастарын білмейтінін айттып отыр. Ал негізінен әрбір баланың құқығы қорғалып, әр іс соңына дейін жеткізілуі керек.
Жоғарыдағы әрбір жағдай, ал мен олардың санының әлдеқайда көп екенін білемін, трагедиямен аяқталуы мүмкін. Бірақ бұнымен жұмыс істейтін ешкім жоқ.
Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия өз функцияларын барлық ауданда орындап жүрген жоқ. Мысалы, Отырар ауданында полиция есебінде 36 отбасы тұр, бірақ бірде-бір жағдай комиссияда қаралмаған, отбасына көмек көрсету жоспары мен жұмыс жоспары жоқ. Басқа аудандар да негізінен ескерту жасаумен ғана шектеледі. Бұл жағдайлар отбасымен жұмыс істемеуге қатысты мәселелерді шешу үшін Отбасын қолдау орталықтарының қажеттілігін көрсетеді.
Мекемелерге қатысты. Біз 82 мекемені, соның ішінде интернаттарды, спорт мекемелерін, кешкі мектептерді және басқаларын араладық. Мысалы, Б. Өтеп атындағы «Өнер» мамандандырылған мектеп-интернатында 200 балаға 3 душ қана бар. Таңертең душқа түсіп үлгеру үшін балалар таңғы 4-те тұрып жүр. Интернаттың жалпы жағдайы қолайсыз.
Сарыағаш ауданындағы № 6 негізгі орта мектеп-интернатында, Отырар ауданындағы Жәнібеков атындағы № 4 лицей-интернатында, Келес ауданындағы Ә. Жангелдин атындағы № 57 мектеп-интернатында, Ерубаев атындағы интернатта балалардың өмір сүру жағдайы нашар. Интернаттардың бірінің оқушылары тамақтарының жеткіліксіз екенін де айтты. Тексерістен кейін балалар маған интернаттарында дәретхана қағазы мен сұйық сабынның ешқашан болмайтынын, тек осындай тексерістер алдында қойып қойып, кейін жинап алатынын жазып жіберді. Бұл фактілер барлық интернаттарда кешенді тәуелсіз тексерулер жүргізу қажеттілігін көрсетеді.
2021 жылы «Кеңес» орталығының оқытуынан кейін Тасарықтағы жетім және ААҚҚБ тұрататын ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған МӘМ-де оңалту көрсету сапасы жақсарып, дұрыс денсаулық сақтау-дамытушы орта құрылған. Алайда, МӘМ-нің мектебінде балалардың 90%-ының интеллектісі сақталған болса да, оларды тек формалды түрде оқытатыны анықталды. Бұл — балалардың құқықтарын бұзу.
Ауладағы дәретханаларға жеке тоқталдым. Облыс, басқа да көптеген аймақтар секілді Оқу-ағарту министрлігіне өңірлерінде бірде-бір сыртқы дәретхана қалмағаны туралы есеп беріп жүр. Алайда, әрбір мектеп пен интернатта дерлік балалар тек сыртқы дәретхананы пайдаланады. Кей мектепте ішкі дәретхананың кілті директорда, балалардың айтуынша, олар оны тек директордың рұқсатымен ғана пайдалана алады. Бұл проблема сумен жабдықтау және кәріз жүйесіне байланысты екені анық, бірақ жағдайды ашық көрсету және мәселені шешуге не кедергі болып жатқанын көрсету аса маңызды. Осы орайда басқа өңірлердің дәретханалар мәселесін шешу тәжірибесін талқыладық.
Сонымен қатар, жұмыс тобындағы әріптесім асханаларды тексеріп шығып, бірқатар бұзушылықтарды анықтады.
Көтерілген мәселелердің бәрімен жұмысты облыс әкімдігі қазірдің өзінде бастап кетті. Жұмыс қорытындысы бойынша жасалған ұсыныстарымызды хаттамаға енгізіп, олардың орындалуын бақылауда ұстайтын боламыз.
Қосымша айта кетерлігі, біз балаларды қорғау саласын жақсарту үшін өз жұмысымызда ең алдымен проблемаларға назар аударамыз. Дегенмен, аймақта балаларға арналған жаңа мекемелер ашылып жатқанын, заманауи жаңа мектептердің салынып жатқанын атап өткен жөн:
Төлеби ауданындағы балалар үйі күрделі жөндеуден өтті, Оңдасынов атындағы арнайы интернатта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, Ерубаев атындағы интернатта футбол алаңы салынды. Әр мектепте 111 сенім телефонының плакаттары ілінгені және пилоттық мектептерде KiVa бағдарламасының енгізіліп жатқаны да қуантты. Мектеп дәлізінде кездесіп қалған балалар да, мұғалімдер де бұл бағдарламаны, оның маңыздылығын жақсы түсінген. Ең бастысы — буллингпен қалай күресу керек екенін және басқа балалар мен адамдардың сезімдерін қадірлеудің маңызды екенін түсінеді».
/фотосуреттер Бала құқықтары жөніндегі уәкіл
Динара Зәкиеваның Facebook-парақшасынан алынды/
Бетті дайындаған — Жәнібек Нұрыш.
Бұл мақала Ontustik Rabat газетінің
№40 санында (03.10.2024 ж) жарияланды