Көлік тапшылығын көрген мекемелер жаңа инватаксимен толықтырылды

264
Фото: Отырар. кз

Қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік қызметкерлер күні. Мерекеге орай Шымкент қаласындағы әлеуметтік орталықтарға арнайы көлік табысталды. Қаладағы 4 орталық жаңа инватаксилермен толықтырылды. Сондай-ақ, әлеуметтік сала үздіктері марапатталып, мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Елімізде қазан айының соңғы жексенбісі — әлеуметтік сала қызметкерлері күні. Мерекеге орай Шымкент қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін №1 ,2,5 және 6 орталыққа микроавтобустың кілті табыстады. Бұған дейін көлік тапшылығын көрген мекемелер жаңа инватаксимен толықтырылды.

Көліктер заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Жаңа технологиялар қолданушыларды қауіпсіз жеткізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, келушілер әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан қызмет алушы жандар жасаған қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Келушілерге мерекелік концерт ұйымдастырылып, салтанатты жиында қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов әлеуметтік сала өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Қуаныш Асылов, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Әлеуметтік қызмет – қоғамдағы маңызды әрі жауапты салалардың бірі. Сіздер күн сайын қаламыздағы көмекке мұқтаж ерекше жандарға қол ұшын беріп, олардың өміріне жарық, мейірім, сенім сыйлайсыздар. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілейміз!»

Қала әкімінің бірінші орынбасары салада табысты еңбек етіп келе жатқан қызметкерлерге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен қала әкімінің алғыс хатын табыстады. Олардың қатарында әлеуметтік салада 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Сағира Қалышева да бар.

Сағира Қалышева, №7 үйде қызметтер көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының маманы: «1993 жылдан бастап істедім, Леңгір қаласында 20 жыл қарттармен жұмыс істедім. 2014 жылдан бастап осы Шымкент қаласына ауыстырылдым, содан бері осы балалармен жұмыс істеп келе жатырмын. Өзіме ұнайды осы жұмыс.  Марапаттайды деп ойлаған жоқпын, еңбегімді елеп жатқан басшыларға рахмет!»

Жиында қалалық «Еңбек мобильділігі орталығының» директоры Бағдат Архабаев та марапатталды. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің алғыс хатын алды.

Бағдат Архабаев, Шымкент қаласының еңбек мобильдігі орталығының директоры: «Менің өзі мамандығым – әлеуметтік жұмыс. Осы салада әрі қарай да жұмысымды жалғастырып, Құдай қаласа алдағы уақытта биік шыңдарға жетеміз деген үміттеміз! Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің алғыс хатымен марапаттады. Аз болса да, 12 жыл істедік. Бұл сол еңбектің еленуі деп ойлаймын. Рахмет көп-көп!»

Қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов мүгедектігі бар адамдар мен қарттарға қызмет көрсетіп жүрген әлеуметтік қызметкерлерде кәсіби біліммен қатар адамгершілік, мейірімділік секілді асыл қасиеттердің болуы маңызды екенін атап өтті. Мәслихат төрағасы саланың бір топ майталмандарын марапаттады.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы: «Алдағы уақытта осы жерде отырған баршаңыздың алға қойған армандарыңыз орындалсын! Мақсатқа сүрінбей жете беріңіздер! Әлеуметтік салада қызмет етіп жатқан азаматтардың жүрегіне мейірім, отбасынан бақ-береке кетпесін! Мерекелеріңіз құтты болсын!»

Салтанатты іс-шарада қонақтар концерттік бағдарламаға ұйымдастырылып, өнерпаздар мерекелік көңіл-күй сыйлады.