Республика күні қарсаңында қоныс тойын тойлады! Шымкентте мемлекеттік бағдарлама аясында 304 отбасы баспаналы болды. Бүгін көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ ерекше балаларды тәрбиелеп отырған жандарға жаңа пәтер кілттері табыс етілді. Баспаналы болғандарды қала әкімі құттықтап қайтты.
Ақжарқын Шойбекова үшін бүгін қуанышты күн! Себебі ол 12 жыл күткен баспанасына қол жеткізді. Осы уақыт ішінде қала тұрғыны пәтер жалдап, сапасы нашар үйлерде тұрып келгенін айтады. Ақжарқынның бүгін көптен күткен арманы орындалып, Бозарық шағынауданындағы жаңа үйден үш бөлмелі пәтер алды.
Ақжарқын Шойбекова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Үй өте керемет, күшті! 12 жыл күткен үйім! Барлығына ризашылығым шексіз! Қуаныштымыз! Қуаныштан жылағым келіп жатыр. Барлығына рахмет! Бәрі жақсы, ойдағыдай!»
Республика күні қарсаңында мемлекеттік бағдарлама аясында 304 отбасы қоныс тойын тойлады. Бозарық шағынауданында орналасқан баспаналарды тұрғын үй кезегіндегі азаматтар «2-10-20», «5-10-20» бағыттары бойынша несиелік негізде рәсімдеген.
Пәтер иелері арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес және көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар. Қала әкімі тұрғындарға баспана кілтін табыстап, қуаныш иелерін құттықтады.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Үйлерде өздеріңіз білесіздер, алдынан бері біраз үйлер тоқтап қалған болатын. Бәрін қолға алып қазір, міне алған компаниялар сапалы, жақсы үйлер салды деп ойлаймын. Осы күнге де жеттік, аман-есен осы үйді тапсырайын деп отырмыз. Бәріңізге құтты болсын деймін!»
Кредиттік тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру және табысы аз азаматтарды ынталандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 311 отбасы қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаты арқылы несиелік баспанаға қол жеткізді. Жыл соңына дейін тағы 4 мыңнан астам пәтер беру жоспарлануда.
Ал Шымкент сити шағынауданында апатты үйлердің орнына салынған жаңа пәтерлер пайдалануға берілді. Су жаңа баспана кілттерін мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбеков табыстады. Қазіргі уақытта шаһарда 2 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй бар, оның 70 пайыздан астамы жарты ғасырдан астам бұрын салынған және апатты жағдайдағы тұрғын үйлер. Бүгінде қалада осындай 134 тұрғын үй бар.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Жақсылық болсын үйлеріңізде, той болсын әрқашан! Кішкентайларыңыз осы үйде өсіп-өне берсін! Ойлаймын, ескі үйде тұрғаннан, жаңа аудан, жаңа үй. Мына жерде саябақ бар, конгрес холл бар. Бұл жердің бәрі дамитын болады келешекте. Осындай жақсы күндеріміз көп болсын!»
Реновациялық бағдарлама шарты бойынша үйлері апатты деп танылған пәтер иелері жаңа құрылыстан бөлме саны бірдей баспанаға ие болды. Ал ауданы орта есеппен бұрынғы үйлерінен 20 шаршы метрге үлкен. Тұрғын үй заманауи талапқа сай әрленген.