Шымкентте қоғамдық орындарда заманауи үлгідегі жапон әжетханалары пайда болды. Қажеттілікті өтейтін нысан келер апта пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Тұрғындар жаңашылдықты қолдап, әжетханалар саябақ пен гүлзарлар, жалпы адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарда көптеп салынса деген пікір білдіруде.
Әлеуметтік желідегі бейнематериалды көрген қала тұрғыны Маржан Тойлыбаева технологиясы қарыштап дамыған жапон әжетхананаларының шаһарда пайда болғанын құптайды. Немерелерімен демалыс орындарына жиі барып серуендейтін әжей бұл орындарға кіру ақысыз болса деген ұсынысын да айтып қалды.
Маржан Тойлыбаева, қала тұрғыны: «Саябақта жүргенде әжетхана таппаймыз, тапсақ ақылы. Болмаса жанындағы кафеге барсаң ақша сұрайды немесе бір нәрсе сатып алыңдар дейді. Тегін көп болғаны жақсы ғой».
Бос уақыттарын гүлзарлар мен саябақтарда өткізетін жастар да заманауи үлгідегі әжетханалар қолжетімді бағада, тіпті тегін болса жақсы болатын еді дейді.
Жаннұр Жәдігер, студент: «Демалыс орындарында қатты қажеттілік болғанда, әжетхананы табасың ғой. Кейбір кезде қалтамызда ақша да болмай қалады. Тегін болса күшті болатын еді. Әрине қаламызда көп болса».
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасындағылар әжетханаларды біз салып жатқан жоқпыз, біз тек инфрақұрылымын жеткізіп береміз дейді.
Рзабек Мендіқұлов, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Біз тек суын, құбырларын тартып көмектесеміз, ЖБҚ әзірлеуге».
Жаңа жапон үлгісіндегі бұл әжетхана келесі аптада пайдалануға беріледі екен. Алайда оның ақылы, ақысыз болатыны әзірге нақты белгісіз. Белгілісі қажеттілікті өтейтін мұндай орындар саны арта түспек.