Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігінің, 99-бабы 2-бөлігінің 14) тармағымен (көрінеу кәмелетке толмаған баланы өлтіруге оқталу) айыпталған М.-ға қатысты қылмыстық іс ашық сот отырысында қаралды.
2024-жылдың маусым айының 29-шы күні, М. Шымкент қаласында алкогольдік ішімдік ішкен масаң күйде болып, өзара бас араздық салдарынан 2010 ж.т. кәмелетке толмаған жәбірленуші А.-ның жүрек тұсы аймағына пышақ сұғып, оның денсаулығына ауыр зиян келтірген. Содан М. жәбірленушінің мойын тұсына екінші рет пышақ ұрмақшы болғанда, жанында болған адамдардың кедергі келтіруіне байланысты, сотталушы өзінің қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізе алмаған.
Жәбірленушінің, куәлардың жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа іс материалдармен дәлелденді.
Прокурор М.-ға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілі сотталушыны кешіріп, жазаны жеңілдетуді сұрады.
Қорғау тарабы мен сотталушы оның іс-әрекетін ҚК-нің 106-бабынің 1-бөлігіне қайта саралап, 3 жылға бас бостандығынан шартты түрде жаза тағайындауды сұрады.
ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінде 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, алайда ҚК-нің 56-бабының 3-бөлігіне сай, қылмысқа оқталғаны үшін жаза мерзімі осы қылмыс үшін көзделген ең жоғарғы мерзімнің ¾ аспауы қажет.
Сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде, жасаған қылмысына өкінуін, асырауында жасөсіпірм балаларының болуы, жәбірленушінің кешірім бергені, моральді және материалды зиянды өтеуі танылған, ал ауырлататын мән-жай ретінде қылмысты алкогольді масаң күйде жасағаны танылған.
Сот М.-ды ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігінің 14) тармағымен кінәлі деп танып, оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, жазаны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.