Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында орналасқан балалар шығармашылық үйінде болып, жұмыс барысымен танысты. Өнерге ұмтылған жастардың шығармашылық жұмыстарын тамашалап, олардың өнерін жоғары бағалады.
Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы өз кезегінде -«Біз үшін балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту – маңызды басымдықтардың бірі. Бұл орталықтың қайта жаңаруы біздің балаларымыз үшін үлкен бір мүмкіндік болары анық. Жас таланттардың шыңдалуына жағдай жасау біздің мақсатымыз және оларды қолдайтын боламыз» – деген аудан басшысы аталған мекеме жас дарындарды тәрбиелеп, олардың шығармашылық әлеуетін толық іске асыратынына сенім білдірді.
Еске сала кетсек, шығармашылық орталықта жас таланттардың өнері мен шығармашылығына арналған барлық қажетті жағдайлар жасалған. Бұл ғимарат өткен жылы демеушілердің қолдауымен күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылып, жаңа сипатта халық игілігіне ұсынылды. Балалар шығармашылық үйінің жаңартылуы ауданымыздағы өнер мен мәдениетке деген қамқорлықтың тағы бір жарқын мысалына айналды.
Жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың ішкі және сыртқы дизайны заман талабына сай өзгертіліп, балаларға шығармашылықпен айналысу үшін қолайлы әрі жайлы орта жасалды. Заманауи техникалық жабдықтар мен құралдар балалардың түрлі өнер түрлерін дамытуға мүмкіндік беріп, жаңа болашаққа жол ашты.