Ерекше 5 баланың тағдыры туралы түсірілген фильмнің жабық көрсетілімі өтті

20

 

Ерекше жандар туралы Шымкентте түсірілген деректі фильм Америкада 2 номинация иеленген еді. Көптен күткен туындының шырайлы шаһарда жабық көрсетілімі өтті. «Шектеусіз үміт» атты фильмде 5 ерекше баланың ғибратты тағдыры баяндалады.

Ерекше балалар туралы «Шектеусіз үміт» деректі фильмінің идеясы тап осындай ата-аналардың жанқиярлық қасиеті себебінен туындаған. Фильм продюсері Данияр Валиолланы досының ерекше баласына асқан табандылық танытып, шектеусіз үмітте күрескер болғаны тәнті еткен. Фильм 5 ерекше жанның тағдырын ашық тарқатады.

Басты мақсат – қоғамда ерекше жандарға деген қалыпты көзқарас қалыптастыру. Оларды есіркеп, аяушылық сезімін ояту мақсат етілмеген, жәй ғана оларды кәдімгі адам ретінде қабылдап, қоғамға сіңістіру көзделген. Жарқын идеялы фильм шетел асып, Америкада өткен кино фестивальде «Үздік деректі қысқа метражды фильм» және «Балалар мүгедектігі мәселесін баяндайтын үздік фильм» номинацияларын жеңіп алды.

Данияр Валиолла, фильм продюсері: «Маған бұл жайтпен танысқанымда, бұл маған қатты әсер етті. Жәй ғана ескермей өте алмадым. Бұл туралы басқалардың да білуі керек екендігін ұғындым. Біздің менталитетімізде, егер бала қандай да бір ауыр сырқатпен ауырса, оны жасырады. Бұл балалар вакуумде өмір сүріп жатыр, қоғамға интеграцияланбайды, сондықтан олардың өмірі қорқынышты және қиын. Оларды жәй ғана қабылдау үшін, олардың тағдырын ашық көрсетіп, қалай бар, солай қабылдаса екен, оқшауламаса екен деген ниетте фильм түсірдік».

Терең идеяны арқалаған фильмнің түсірілім уақытына 8 ай уақыт кеткен. Түсірілім тобы үлкен жауапкершілікті сезініп, қанша қажыса да барын салып баққан. Басты қорқыныш шалыс баспау болды, ал балалардың құлшыныстары мен өмірді бағалауы фильмнен алатын басты құндылық. Бұл дүниелер бізді шабыттандырып, алға жетеледі дейді кино туынды режиссері Марат Телеуов. Сондай-ақ ол өз сөзінде осындай фильмдер үрдіске айналып, ерекше жандар қоғаммен біртұтас біте қайнасып жату керек екенін атап өтті.

Марат Телеуов, фильмнің режиссері: «Бұл фильмде ерекше жандардың өмірін, арманын, мақсатын дәл көрсеткіміз келді. Жасырмаймын, түсірілім барысында бұл аяушылық тудыратын фильм болады деп ойладым. Алайда нәтижесі керісінше болып шықты. Көпке ой салатын, өмірге құштар жандардың тіршілігі көркем суреттелді».

Фильм Шымкенттегі «Шектеусіз үміт» орталығында түсірілген. Бұл орталықтың құрылтайшысы жоғарыда айтылған продюсер досы Марат Телғозы. Оның 17 жасар мүмкіндігі шектеулі ұлы бар. Сан жылдар шектеусіз үміт майдангері болған жан 5 жыл бұрын орталық ашқан. Күні бүгінге дейін орталық өзекті мәселемен ішінара күресіп келеді. Фильмде  қоғам назарға алуы тиіс жайттар көтеріледі.

Марат Телғозы, «Шектеусіз үміт» орталығының құрылтайшысы: «Біздің жеткізгіміз келген мәселе. Осындай балалар бар. Осындай мәселе бар. Бұл проблема иә, проблема. Қазақстанда 600 мыңнан астам, мүгедек жан бар екен. Соның ішінде 200 мыңнан астамы балалар. Жалпы осы мәселені біздің еліміз білмегені үшін, оны көрмегені үшін бұл мүгедек жандарға, бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалып жатқан жағдайлар көңіл толықтырмайды. Көптеген мәселер бар. Бұны бір адам немесе мемлекет қана өзі шеше алмайды. Неге өйткені бұған көп белсенді керек, бұған көп күш керек».

5 ерекше жанның күрес пен жеңіс жолындағы тағдырын көрсеткен фильм бас-аяғы 30 минуттан тұрады. Фильм шыға салысымен ең алғаш Париждегі байқауға жіберіліп, көрермен қошеметіне бөленген. Кейіннен Канн фестиваліне және АҚШ та өткен бірқатар фестивальдерге жіберілген. Енді фильмнің жабық көрсетілімі Астана және Алматы қалаларында жалғасып, одан соң интернетке жүктелетін болады.

Әділет Әнуар