Түркістан облысында биыл ұлттық қор, республикалық және облыстық бюджет есебінен 485 нысан құрылысын жүзеге асыруға 224,1 млрд. теңге бөлінген. Бүгінгі күнге дейін 94 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 308 нысанды пайдалануға беру жоспарланса, қалған 94 нысан құрылысы 2025 жылға өтпелі.
Құрылыс қарқыны бойынша Түркістан облысы республикада үздіктер қатарында. Бүгін аталған саладағы мәселелер облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмысты жандандыруды тапсырды.
– Әрбір әлеуметтік нысанның артында халықтың сұранысы мен тілегі тұр. Алдымен жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері құрылыс барысын қадағалап, уақтылы тапсырылуына барынша жағдай жасасын. Мердігерлердің жұмысы да қадағалауда болуы тиіс. Міндетін дұрыс атқармағандарын анықтап, заң шеңберінде тиісті жұмыс жүргізу де күн тәртібінен түспеуі қажет. Міндетіне салғырт қараған мердігерлерге екінші рет жоба берілмесін. Бізге атқарылған жұмыстар туралы есеп емес, құрылысқа кедергісін келтіріп жатқан мәселелерді айтып, шешу жолдарын ұсыныңыздар, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
Мәжілісте нысандарының құрылысы кешеуілдеп жатқан аудан, қала әкімдерінің де есептері мен уәждері тыңдалды. Тиісті тапсырмалар, ұсыныстар берілді.
Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың айтуынша, білім беру саласында 21 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңға 6 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 8 нысанның құрылысы аяқталады. Қалған 7 нысан 2025 жылға өтпелі. «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 29 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге 1 мектеп (Түркістан қаласы) пайдалануға берілді. Қараша айында 3 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған және жыл соңына дейін тағы 12 мектеп құрылысы аяқталады деп күтіліп отыр. Қалған 13 мектеп 2025 жылға өтпелі.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында 48 жоба іске асырылуда. Ұлттық жобаға сәйкес барлық нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспары қойылған. Мәдениет саласы бойынша 12 нысан салынып жатыр. Бүгінгі таңда 3 нысан пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 1 нысан тапсырылмақ. Қалған 8 нысан 2025 жылға өтпелі. Спорт саласында 22 нысан құрылысы жүргізілсе, оның 3-еуі пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 7 нысан беріледі. Ауыл шаруашылығында – 7, арендалық тұрғын үйлерді сатып алу бойынша 247 үйдің құрылысы жүргізілуде. Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша 39 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге 4 нысан пайдалануға берілді, жыл соңына дейін 14 нысанның құрылысы аяқталады. «Turan» АЭА-ға инженерлік инфрақұрылым жүргізу бойынша 6 нысанның құрылысы жоспарланып, 2 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 3 нысан құрылысы аяқталады деп көзделген.
Мәжілісте облыстағы құрылыс нысандарының сапасы да сараланды. Бұл туралы Облыстық бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Облыстық бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Айдос Исмаиловтың есебі тыңдалды. Өңірде құрылыс сапасына тиісті талдаулар мен тексерулер жүргізіліп, 822 хаттама толтырылып, 255 млн. теңгеге жуық айыппұл салынған. Үш мердігер компания лицензиясынан айырылған. Облыста құрылыс саласындағы жобалар жалғасады.