Бір адам қаза тауып, үшеуі ауруханаға жеткізілді

27
фото Отырар.кз

Элиталы шағынаудандағы екіқабатты тұрғын үйден өрт таңғы бес жарымда шыққан дейді куәгерлер. Жалын алдымен үйдің төменгі бөлігін жайлапты. Ал, онда 52 жастағы әйел болған. Қара жамылған отбасы өрттің шығу себебі әзірге өзімізге де жұмбақ дейді.

Жәнібек, марқұмның туысы: «Күдіктенетін… Қайтыс болған күні полицияның барлығы ішке кіргізген жоқ бізді. Оны ештеңе анықтай алмадық қой. Канистр көрген жоқпыз. 2021 жылы ажырасқан екеуі. Бірақ бірге тұрмағанына 4 жыл болды. Негізі заңмен 2021 жылы ажырасқан. 3 жыл болды ажырасқанына».

Қызыл жалынды алдымен көршілер көрген. Іле-шала отқа оранған үйге барған олар өрт сөндіру қызметі мен жедел-жәрдемді шақырыпты. Ал өздері көрпе-төсек алып шығып, үй ішіндегілерді терезеден секіруге үгіттедік дейді.

Әділет Демеубаев, куәгер: «Қағып алуға жұмсақ мамық нәрселер тасып жүрдім. Саты қойдым саты жалғап, әкем екеуміз. Кішкентай 9 айлық па баласы бар. Әкесі алып түсті ғой оны. Бірге құшақтап, секіріп. Мамық нәрсенің үстіне түсіп Құдай сақтап қалды. Келіншегі бірінші секірді. Бірінші құтқарып алдық оны. Анасын құтқарушылар ғана көріп, сыртқа шығарып, сондай қылған деп естідім».

Жоғары қабаттан секірген 24 және 23 жастағы ерлі-зайыпты мен олардың 11-айлық балалары қазір ауруханада жатыр. Марқұмның келіні түтіннен қатты уланса, ұлының беліне зақым келіп, немересінің миы шайқалған.

Бақытжан Абдуллаев, Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: “24 жастағы азамат ол қазіргі таңда қаламыздағы №1 клиникалық ауруханада. Оң омыртқасынан зақым алған. Тағы травма болған. Соған байланысты омыртқасына зақым келген. Соған байланысты бүгін ота жасалды. Қазіргі таңда жағдайы қалыпты. Сонымен қатар 11 айлық бала болған. Ол да қаламыздағы балалар клиникалық ауруханасына жеткізіліп, сол жерде бас миының шайқалуы мен улану бойынша ем алып жатыр”.

Өрттің неден шыққаны әзірге жұмбақ. Шымкент полиция департаменті қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталғанын мәлімдеді. Алайда, іс қай бап бойынша тіркелгені белгісіз. Ал марқұм бүгін жер қойнына тапсырылды.