Шымкентте осы жазда екі жасөспірімнің өліміне себеп болған жол көлік оқиғасын тудырған жүргізушіге сот үкімі шықты. Қылмыстық іс ашық сот отырысында қаралып, айыпталған азаматқа 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сұлтанбек Сиез, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот әкімшісінің бас маманы: «Сот, айыпталушы азаматты ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танып, оған көлік құралдарын жүргізу құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Талап арыз ішінара қанағаттандырылып жәбірленушілердің пайдасына 10 миллион теңге өндірілді. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінің бірінде өтейтін болады».
Сотталушы биылғы жылдың шілде айында «TOYOTA CAMRY» маркалы автомобилін тізгіндеп, Ұ. Арғынбеков көшесімен басты жолда келе жатқан «KIA К5» көлігін өткізбестен, тура барып соқтығысқан еді. Салдарынан кәмелетке жетпеген екі боз бала қаза болып, үш адам зардап шекті. Оның екеуі денсаулығына орташа зақым алса, бір адам ауыр түрде жарақат алған болатын.