Шақалақтың жүрегіне ота жасалды

22

Қалалық перинаталдық орталықта енді ғана дүние есігін ашқан сәбидің жүрегіне ота жасалды. Туылғанына 2 апта ғана болған нәрестеге бірнеше ауыр диагноз қойылған. Дәрігерлер баланың өмірін сақтап қалу үшін шұғыл түрде операция жасауға тура келгенін айтады. Қазір нәрестенің жағдайы қандай?

Шымкенттегі қалалық перинаталдық орталықта 2 апталық сәбиге ота жасалды. Нәрестеге туа біткен жүрек ақауы, II дәрежелі жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған. Операция сәтті өтті. Шала туған сәби қазір реанимацияда жатыр.

Жазира Нұрман, науқастың анасы: «Операция жасалды, балада бәрі жақсы болды. Кейін осы жақтағы дәрігерлер жүрегінде ақау бар деп диагноз қойды. Жасалды ота, бәрі жақсы өтті. Жағдайы жақсарып келе жатыр деп сенемін. Дәрігерлерге барлығына рахмет айтамын».

2100 грамм боп дүниеге келген нәресте қазір 300 грамм салмақ қосқан. Үйінің тұңғышы әлі өздігінше дем ала алмайды. Ақ халаттылар сәбидің жағдайын ауыр тұрақты деп бағалап отыр.

Гүлмира Будукова, Қалалық перинаталдық орталық бас дәрігерінің орынбасары: «Толық тексерілді, біраз емдеп көрдік. Ашық артериялық канал болғандықтан, бұл гемодинамикалық тұрғыдан маңызды болды. Өйткені оның өлшемі 0,4 см. Бірақ емдеу нәтижесіз болды, сол себепті біздің кардиохирургтар ота жасау туралы шешім қабылдады. Қазір бала тыныс алу терапиясына мұқтаж болғандықтан, реанимацияда болады».

Перинаталдық орталықта 2024 жылы 8973 бала дүниеге келген. Былтыр 2045 әйелге кесарь тілігі отасы жасалып, сәтті аяқталған.

Гүлбану Сыздықова, Қалалық перинаталдық орталықтың бас дәрігері: «Материалдық техникалық базаны күшейту, дәрігерлер мен орта буын қызметкерлеріміздің оқуын әрі қарай жалғастыру және 2025 жылы жаңа туған нәрестелерге көз ақауы болған кезде операция жасау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда біздің маман дәрігеріміз оқуда және оған керек құрал-саймандар алыну үстінде».

Өткен жылы үшінші мегаполисте 30 мыңға жуық сәби дүниеге келген. Дәрігерлер Шымкентте нәрестелер өлімі 2 есеге, туа біткен ақаумен жарық дүние есігін ашатын сәбилердің саны үш есеге азайғанын айтады.