Зейнетақы мен жәрдемақы қаншаға көбейді?

24

1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақы мен зейнетақы мөлшері артты. Өзгерістер нәтижесінде әлеуметтік төлем алушылар 6,5 пайызға, ал зейнеткерлер 8,5 пайызға артық ақша алады. Сонымен қатар, азаматтарға мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік төлем инфляция деңгейіне сәйкес қайта есептелді. Көп балалы аналар мен бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақы да өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары болмақ.

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшері артты. 72 жастағы зейнеткер
Мұрат Төлебаев ай сайынғы алатын зейнет қаржысына 12 мың теңгеге жуық ақша қосылғанын айтады. Педагогика саласында 30 жыл еңбек еткен шымкенттік тұрғын зейнетақы көлемі ұлғайғанымен, теңгенің құнсыздануы салдарынан өзгерістің байқалмайтынын айтады. Сөзінше, алатын зейнетақы азық-түлік пен несиеден артылмайды.

Мұрат Төлебаев, зейнеткер: «Бәріміз қуаныштымыз пенсияны қосқанына бірақ күнделікті өмір сүруге ақша жетпейді. Мысалы қазір орташа шамасы 1 доллар 500 теңге болса, мен мысалы қазір 186 мың пенсия аламын. Сонда бұл ақшаға есептеп қарасақ, көп зат та ала алмайсың».

Биыл жыл басынан жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін тағайындалған зейнетақы төлемдері 8,5%-ға көбейді. Егер азаматтың 2024 жылғы 1 қаңтардағы зейнетақысы 82 000 теңге болса, биылғы 1 қаңтардан бастап 8,5%-ға өсіп, 88 970 теңгеге жетеді. Яғни 6 970 теңгеге артады.

Ал ең төменгі зейнетақы мөлшері 57 853 теңгеден 62 771 теңгеге дейін ұлғаяды. Айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңге болғандықтан, жалақының ең төменгі мөлшері 85 000 теңге болып бекітілді, ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 46 228 теңгеге тең болады. Базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 32 360 теңгені құрайды.

Ержан Ергеш, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының әлеуметтік мәселелері жөніндегі орынбасары: «Ұлттық банкпен белгіленген инфляция құнына байланысты зейнетақы және жәрдемақы құны артты. Зейнетақы төлемдері 8,5 пайызға артты. 6,5 пайызға базалық зейнетақы төлем артқан болатын. Яғни 82 мың теңге алатын азаматтың зейнетақы төлемі 88970 теңге болып өзгерді. Яғни, 6970 теңгеге артып отыр».

Тек зейнетақы ғана емес, Жыл басынан бастап басқа да әлеуметтік төлемдер көлемі артты. Мәселен, балалардың жәрдемақысы да өседі. Баланың тууына байланысты біржолғы жәрдемақы бірінші, екінші және үшінші бала үшін 149 416 теңгені, ал төртінші бала үшін 247 716 теңге болады. Бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақылар: бірінші балаға 22 649 теңге, екінші балаға 26 777 теңге, үшінші балаға 30 867 теңге және төртінші балаға 34 995 теңге болып белгіленді.

Ержан Ергеш, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының әлеуметтік мәселелері жөніндегі орынбасары: «1-ден бастап 3 жасқа дейін бала туған аналарға біржолғы жәрдемақы, бір реттік жөргекпұл 149 416 теңге болды. 4 және одан да көп бала туған аналарға 247 мың теңге біржолғы жәрдемақы тағайындалып отыр. Және балалардың санына байланыста ай сайынғы жәрдемақысы ұлғайтылып келеді».

Сонымен қатар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың бірі немесе қорғаншылары 74 427 теңге мөлшерінде жәрдемақы алады. Ал, «Алтын алқа» иегері атанған көпбалалы аналарға ай сайын 29 097 теңге, «Күміс алқа» иегерлеріне 25 165 теңге төленеді.