Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында талап қоюшы М.-ның жауапкер О.-ға ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған жылжитын мүлкін олардың бірлескен ортақ мүлкі деп тануды және мүліктегі үлесін ½ деп танып, сол мүлкін өтемақы өндіру арқылы бөлу туралы азаматтық ісі қаралды.
Іс бойынша бұрынғы ерлi-зайыптылар арасындағы 2015 жылы тіркелген некесі, 2024 жылы бұзылған, ал «Hyundai Elantra» маркалы даулы көлік құралы 2021 жылы жауапкер О.-ның атына сатып алынғаны анықталған.
Сарапшының қорытындысына сай, жоғарыда аталған көлік кұралының орналасқан жерінде қалыптасқан нарықтық бағасы орта есеппен 5 064 000 теңгені құрайды. Тиісінше оның ½ бөлігі 2 532 000 теңге болады.
Сот шешімімен талап қою қанағаттандырылды, талап қоюшының пайдасына 2 532 000 теңге өндірілді, аталған ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған жылжымалы мүлкi – даулы көлік құралы, олардың бiрлескен меншiгi болып табылуына негізделген. Сол ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу және осы мүлiктегi үлестерiн айқындау кезiнде ерлi-зайыптылардың әрқайсысының үлесi тең деп танылған.
Аталған ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы олардың өздері жасасқан неке шарты немесе өзге келісімі жоқ екені анықталған. Ерлi-зайыптылардың некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған даулы мүлкiнің бар — жоғын айқындауда сот даулы көлік құралына меншік құқығын анықтайтын құжаттарға және көлік құралын тіркеу туралы куәлікке және өзге құжаттарға қарап, анықтаған. Сот шешімі заңды күшіне енген.