Полиция үш күдіктіні Шымкентте ұстады. Олар жалға берілетін тұрғын үйлерді жарнамалайтын қосымша арқылы қылмыстық әрекетін іске асырған. Жоқ пәтерлерді ұсынатын жалған хабарландырулар жариялап отырған. Потенциалды клиенттер бұл ұсыныстарға қызығып, алаяқтармен байланысқа шыққанда, қаскөйлер алдын ала төлем жасауға көндірген. Нәтижесінде азаматтар пәтерлерді брондау мақсатында ақша аударып, алдаудың құрбаны болған.
Күдіктілердің әрекетінен өткен жылдың тамыз айынан бастап жалпы 1 миллион теңгеден астам шығын келтірілген. Қазіргі таңда тергеумен олардың интернет-алаяқтықтың 20 жайтына қатысы бар екені анықталды.
Ұсталғандардан 11 ұялы телефон, 15 сим-карта, ноутбук тәркіленді. Тергеу жұмыстары жалғасуда. Құқық қорғаушылар онлайн-платформаларды пайдалану кезінде сақ және мұқият болудың маңыздылығын еске салады.