Шымкентте балаларға 200 мыңнан астам медициналық оңалту емі көрсетілді

27
фото МӘМС
Шымкентте былтыр МӘМС шеңберінде балаларға 200 мыңнан астам медициналық оңалту қызметі көрсетілді. Оңалту емдері балалардың түрлі аурулардан кейін денсаулықтарын қалпына келтіруге, сондай-ақ созылмалы және тірек-қимыл бұзылыстары бар балаларға көмек көрсетуге бағытталған.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен бұл қызметтер оларға мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарда да қолжетімді.
Балалар 18 жасқа дейін жеңілдік санатында және олардың МӘМС жарналарын мемлекет төлейді. Кәмелет жасына жеткен соң міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған мәртебесі болуы үшін «орта, техникалық және кәсіптік немесе жоғары оқу орындарының күндізгі оқу бөлімінде оқитын тұлғалар» санаты болуы қажет.
Осы және өзге де маңызды мәселелер ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы өкілдерінің қаладағы білім ұяларының жоғары сынып оқушылары және ұжымымен кездесулері барысында кеңінен түсіндірілді. Қор филиалының «Халықты ақпараттандыру және арыз-шағымдарды қарау» бөлімінің басшысы Ахмет Беден бастаған мамандар Шымкент қаласындағы барлық білім ұяларын аралап, медициналық сақтандыру жүйесі аясында қолжетімді қызметтер жайында баяндады. Сала мамандары сондай-ақ жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, пайдалы кеңестер айтылды. Жиналыстар қалалық аудан әкімдіктерінің ұйымдастыруымен өтті.
Бүгінгі таңда қалада 924 803 азамат, яғни халықтың 73,6 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 700 мыңнан астам адамның жарнасын мемлекет төлеуде. 331 460 азамат сақтандырылмаған.