Шымкенттік көпбалалы ана қайтарымсыз грант арқылы жаңа кәсіп ашты

26
фото ШӨКҚ
Мемлекет еңбекқор азаматтарға әрдайым қолдау көрсетуге әзір. Өткен жылы Шымкентте 428 тұрғын қайтарымсыз грантқа ие болып, өз кәсібін ашты. Солардың бірі – көпбалалы ана Жұлдыз Бураева. Ол гипстен сәндік бұйымдар жасап, хош иісті майшамдар мен түрлі сабын өнімдерін шығарумен айналысуда.
Бала күтімімен үйде отырған Жұлдыз бұл кәсіпті интернеттен үйренген екен. Уақыт өте келе қызығушылығы артып, қолөнер шеберлерінен қосымша білім алған. Заттарды сәндеп, безендіруді меңгерген ол қолөнердің қыр-сырын жетік түсініп, өз брендін қалыптастыруға шешім қабылдайды. Бизнесін бастау үшін мемлекеттен қайтарымсыз грантқа өтінім беріп, комиссияға өз бизнес-жобасын ұсынады.
Комиссия өкілдерінің алдында жобасын сәтті қорғап, нәтижесінде мемлекет тарапынан берілетін гранқа ие болды.
Жалпы, өткен жылы Шымкентте грант алғандардың басым бөлігі өндіріс саласын таңдаса, кейбірі қызмет көрсету бағытында кәсіп бастаған. Мемлекеттік грант қаржысы жас кәсіпкерлерге өз ісін дамытуға, өндірісті жолға қоюға зор мүмкіндік береді.
Биылғы гранттық өтінімдерді қабылдау сәуір мен шілде айларына жоспарланған. Қаржылай қолдау көлемі – 400 АЕК немесе 1 572 800 теңгені құрайды.
Бұл бағдарламаға қоғамның әлеуметтік жағынан әлсіз топтары саналатын – атаулы әлеуметтік көмек алушы көпбалалы отбасылар, еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар, қолданыстағы қандастар, мүгедек бала асырап отырған отбасылар, ең үлкен баласы ЖОО немесе орта кәсіптік мекемлерді білім алатын, 23 жастан аспаған бөпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылған отбасылар қатыса алады.