Úı ANONS Түнгі уақытта алкоголь өнімін сатқаны үшін әкімшілік айыппұл салынды

Түнгі уақытта алкоголь өнімін сатқаны үшін әкімшілік айыппұл салынды

фото zakon.kz
Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында М.-ға қатысты ӘҚБтК-нің 200-бабы 3-бөлігімен (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу) әкімшілік құқық бұзушылық іс қаралды.
М. 2025 жылдың 9 қаңтар күні сағат 21:30 шамасында, Шымкент қаласы Есенберлин көшесінің бойында орналасқан дүкенде 1 дана «Родная степь» арақ алкоголь өнімін сатқаны анықталған.
 
ӘҚБтК-нің 200-бабының 3-бөлігінің диспозициясына сәйкес — мейрамханаларда, барларда және дәмханаларда өткiзудi қоспағанда, алкоголь өнiмiн сағат 23:00 ден келесі күнгі сағат 8:00 ге дейiн; этил спиртінің көлемді үлесі отыз пайыздан асатындарын сағат 21:00 ден келесі күнгі сағат 12:00 ге дейін бөлшек сауда арқылы өткiзген үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Құқық бұзушының кінәсі іс-құжаттарымен қоса, өзінің берген түсінігімен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасымен және тағы басқа да іс бойынша жинақталған құжаттармен толық дәлелденіп, аталған мән-жайларға сүйене отырып, құқық бұзушының жауаптылығын жеңілдететін мән-жай оның кінәсінің мойындағанын, ал жауаптылықты ауырлататын мән-жай анықталмағанын ескеріп, сот оған алкоголь өнімін сату түрі лицензиясының қолданысын 1 (бір) ай мерзімге тоқтата тұрып, оған 157 280 (бір жүз елу жеті мың екі жүз сексен) теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл жазасын тағайындады. Сот қаулысы заңды күшіне енбеген.