Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі А.-ға қатысты ӘҚБтК-нің 442-бабының 3-бөлігімен (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын жайдан тыс жерде болуы) әкімшілік құқық бұзушылық іс қаралды.
А.-ның 2007 жылғы туылған ұлы 2025 жылдың 1-5 қаңтар күндері заңды өкілінің қарауынсыз белгісіз бағытта үйден кетіп қалған. Кейін белгілі болғандай, кәмелет жасына толмаған бала достарымен пәтер жалдап тұрғаны анықталған.
Аталған құқық бұзушылық бір жылдың ішінде екі рет қайталанған.
Құқық бұзушының кінәсі іс-құжаттарымен қоса, өзінің берген түсінігімен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасымен, полиция қызметкерлерінің баянаттарымен және тағы басқа да іс бойынша жинақталған құжаттармен толық дәлелденіп, сот оған 19 267 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл жазасын тағайындады . Қаулы заңды күшіне енді.