Сенат депутаттары жол қозғалысы ережелерін үнемі бұзатын жүргізушілер үшін айыппұлдарға 50% жеңілдікті алып тастауды ұсынды. Себебі кейбір автокөлік жүргізушілері жеңілдікпен айыппұлды төлеп, ережені бұзуын жалғастыра береді.
Бүгін Сенатта кейбір көлік жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл төлеу кезінде 50% жеңілдікті алып тастау мәселесі талқыланды. Өйткені, кейбір автокөлік иелері айыппұлдарды жеңілдікпен төлеп, жол ережесін бұзуды жалғастыруда, дейді депутат Марат Қожаев.
Марат Қожаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Автоматты режимде техникалық құралдармен тіркелген бұзушылықтардың қайталануы үшін жүргізушіні жауапқа тарту мүмкін емес, өйткені айыппұл бұзушылықтардың тарихын есепке алмай жазылады. Ережелерді жүйелі түрде елемегеніне қарамастан, қасақана бұзушыларды жол қозғалысы ережесі бойынша емтиханды қайта тапсыруға міндетті жолдама жоқ. Техникалық құралдар бұзушылық фактісін ғана тіркейді, бірақ жүргізушінің дайындық деңгейін және оның жолдағы өрескел бұзушылықтар мен қауіпті әрекеттерге бейімділігін бағалауға мүмкіндік бермейді. Көптеген жағдайларда жол-көлік оқиғасы — ережелерді сақтамайтын немесе оларды әдейі елемейтін жүргізушілердің немқұрайлылығымен байланысты«.
Сенатор камералар арқылы бір жыл ішінде 143 бұзушылық тіркелген жүргізушінің жағдайдын мысалға келтірді. Автокөлік иесі 3 млн. теңгеден астам айыппұл төлеген.
Марат Қожаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Автокөліктердің беделді маркалары мен жоғары сұраныстағы нөмірлік белгілеріне сүйене отырып, біз, әдетте, жол ережелерін елемей, саналы түрде төтенше жағдайлар туғызатын, жолдарда қауіпті маневр жасайтын және қауіпсіздік ережелерін елемейтін ауқатты отбасылардан шыққан жастар туралы айтып отырмыз. Айыппұлдарды төлеу кезінде 50% жеңілдікті қолдана отырып, олар көшелерді жауапсыз және қауіпті ойындар алаңына айналдырып, заңды бұзуды жалғастырып келеді. Жиі құқықбұзушылар үшін айыппұлдар тиімді шара болып табылмайтыны анық, бұл мұндай құқық бұзушылықтар үшін жазалау тәсілдерін шұғыл қайта қарауды талап етеді«.
Депутат техникалық құралдармен тіркелген 10-ға жуық және одан да көп бұзушылықтары бар жүргізушілер үшін жол қауіпсіздігі ережесі бойынша теориялық емтиханды қайта тапсыруға міндетті жолдама беруді ұсынды. Сонымен қатар, камералармен тіркелген қайта бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдатуды және жиі ереже бұзушылар үшін айыппұлдарды төлеу кезінде 50% жеңілдікті алып тастауды ұсынды.