Қазығұрт аудандық “Мәдениет сарайында”, ерекше маңызға ие, қоғамның өзекті мәселелеріне арналған “Қоғамға қауіпті бес кесел” тақырыбынба форум өтті. Бұл шараға Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, тіл жанашыры, Оразкүл Азанғазықызы қатысты.
Форумда Оразкүл Асанғазықызы сөз сөйлеп, мемлекет басшысының отбасы институтын нығайту, демографиялық дамуды қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою бағытындағы жасаған әрекеттерін атап өтті.
“Зорлық-зомбылық – бұл тек отбасылық мәселе ғана емес, ол бүкіл қоғамға әсер етеді. Оның экономикалық және әлеуметтік аспектілері бар. Сондықтан бұл мәселеге үлкен назар аударылып, оны шешу үшін қоғамда барша азаматтар белсенділік танытуы керек”, – деп атап өтті ол. Сондай-ақ, ол әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбіріміздің ортақ парызымыз екендігін айтты. Мемлекет заңнамалық тұрғыда қорғау шараларын қабылдағанымен, азаматтық қоғамның бұл процесте белсенді рөлі болуы керек екенін ескертті.
Форум барысында отбасылық құндылықтар мен ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі туралы пікір алмасулар болып, қатысушылар сұрақтар қойып, жауаптар алды. Сондай-ақ, арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оразкүл Асанғазықызының “Отбасы берекесі” атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті. Бұл кітапта отбасы институтының мәні, оның қоғамдағы орны, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастар, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген жауапкершіліктері мен сүйіспеншілік туралы жазылған.
Қатысушылар форумның маңыздылығын атап өтіп, оның отбасылық құндылықтарды насихаттау, қоғамда зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау тұрғысынан үлкен ықпалын тигізетінін айтты. Форум соңында Оразкүл Асанғазықызы барлық қатысушыларды азаматтық ұстаным танытып, отбасылық құндылықтарды сақтап, насихаттауға шақырды.