«Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері пиротехникалық өнімдерді заңсыз сақтау және сату дерегін анықтады. Тексеру барысында сатуға арналған сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдар сақталған қойма табылды. Қауіпті өнімдер белгіленген тәртіппен тәркіленді.
Аталған жайт бойынша құқық бұзушы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы мегаполис аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ мереке күндері қарсаңында қауіпті, сапасыз және сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың сатылуы мен қолданылуына жол бермеу мақсатында өткізілуде.
Іс-шара барысында пиротехникалық өнімдердің заңсыз айналымына қатысты 105 құқық бұзушылық анықталды.
Полиция азаматтарға сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды пайдалану адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін ескертеді.







