Úı ANONS Отшашу қауіпті ме?

Отшашу қауіпті ме?

Жаңа жыл қарсаңында мамандар қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Бүгін төтеншеліктер мен бірге полицейлер базарлар мен сауда нүктелерін аралап, пиротехникалық заттарды заңсыз сатудың алдын алуға бағытталған рейд жүргізді. Белгіленбеген жерде, рұқсат алмай сауда жасағандарға айыппұл салды.

Дәл қазір базарлар мен сауда нүктелері жаңа жылға арналған заттарға лық толы. Мерекеге сән беретін бұл заттарды сатып алып жатқандардың қарасы қалың. Әйткенмен, мамандар сақ болуға шақырады. Әсіресе, пиротехникалық заттарды сатудың өз тәртібі бар екенін ескертеді.

ФАРИДА, САТУШЫ: «Менің де немерелерім бар. Көзі жарылып кетсе, басқа жеріне тиіп кетсе, әртүрлі адамдар атады ғой. Бізге керегі жоқ, сатпаймыз. Сатуға қарсымын».

Бүгін төтеншеліктер мен полиция қызметкерлері базарлар мен сауда нүктелерін тағы бір аралап, тексерді. Бұл жолы «Қазына» сауда үйі мен Қырғы және Акбар базарын аралады. Кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы парақшалар таратты. Мамандар пиротехниканы заңсыз сату және өсіп тұрған шыршаны кесудің алдын алу керек деп санайды. Мұндай профилактикалық іс-шара желтоқсан айының басында басталып, қаңтар айына дейін жалғасатынын айтады.

БИБІАЙЫМ МҰСАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Қазіргі таңда 196 баппен салют сатып жатқандарға хаттама толтырып жатырмыз. Және кесіп алып келген шырша бойынша да қарап, рейдтік іс-шара жүріп жатыр. Рейдтік іс-шара барысында күніне 4-5 хаттама толтырамыз. Ол кісілер алып қойған заттарын қайда барып сатамыз деп шағым жасауда. Ал заң мен тәртіп бойынша сатуға болмайды».

Заңсыз сауда жасағандарға ескерту берілмейді. Бірден 100 мың теңге шамасында айыппұл арқалайды. Өкінішке қарай, бір емес бірнеше рет айыппұл салса да заңсыз сауданы тоқтатпай тұрғандар бар.

ЖОЛДАС АХМЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Пиротехникалық бұйымның өзі – қауіп. Жарылуға қаупі жоғары болғаннан кейін тұрғындар мен кәсіпкерлерге түсіндіріп айтамыз. Ол заттың жалпы сертификаты болуы керек. Зауыттан арнайы шығарылған. Болмаған жағдайда пайдалануға тыйым салынған. Басқа да жарылғыш пиротехникаларды түсіндіріп, қолдануға болмайтынын біз айтып жатырмыз. Жалпы әр пиротехникалық бұйымның сыртында қолдану ережесі болады. Сол ережені барлығы міндетті түрде оқып, танысып соны орындау қажет болады».

Пиротехникалық заттарды пайдалануға тыйым салынбаған. Бірақ өрт қауіпсіздігін сақтау, қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін оны пайдалану ережесін білген абзал. Тіпті шыршаны құрудың өз тәртібі бар. Ресми мәліметке қарағанда, өткен жаңа жылда ешбір оқыс оқиға тіркелмеген. Тек бас шыршаның ашылу салтанатында оны безендіру үшін тартылған электр сымының қысқа тұйықталуы болып, өрт шыққан еді. Кезекшілікте тұрған өрт сөндірушілер жалынды уақытында сөндірген болатын.

Дилара Иса