Шымкентте ана мен бала денсаулығын қорғау мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қалада перзентханалар саны көбейіп, медициналық қызмет сапасы жақсара түспек. Бұл туралы әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек мәлімдеді.
Шымкенттегі перзентханалар саны көбейеді. Мұны қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді. Сөзінше, Ақжайық шағын ауданында 200 орынды перинаталдық орталық салынбақ. Айта кету керек, бүгінде мегаполисте 4 бала босану орталығы бар.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қалалық әкімдігінің ресми өкілі:
«Біз перинаталдық орталық салуды қолға алмақшымыз. Оның Жобалық Сметалық Жобалау Құжаты қолға алынуда»
Сонымен қатар, биыл Нұрсәт шағынауданындағы перинаталдық орталыққа қосымша корпус салынады деді шенеунік. Және де қан орталығында да қосалқы ғимарат бой көтермек. Бұдан бөлек, қалалық диагностикалық орталық та кеңейтіледі екен.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қалалық әкімдігінің ресми өкілі:
«Сонымен қатар Нұрсат шағынауданындағы перинаталдық орталыққа қосымша корпус салуды жоспарлап отырмыз»
Айта кету керек, бүгінде 2 бірдей медициналық мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының жылу жүйелері мен желдеткіштері толығымен ауыстырылды. Енді есік терезелері жаңартылады дейді денсаулық сақтау басқармасының мамандары.
Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі:
«Бұдан бөлек, №1 қалалық клиникалық ауруханасының ғимаратында жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бүгінде аурухананың А, Б, Г және шаруашылық блогында жөндеу жұмыстары аяқталып, В блогында жұмыстар жалғасуда»
Сондай-ақ мамандырылған бөбектер үйі және №2, №13 қалалық емханасы да күрделі жөндеуден өтпек. Денсаулық сақтау басқармасы бұл жұмыстар бойынша бюджеттік ұсыным беріліп, жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын жеткізді. Сөзінше, мегаполистегі медициналық мекемелердің жай-күйін жақсарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі:
«Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен №4, №9, №10, №11 емханаларына жаңа ғимарат салу үшін мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде»
Жүргізіліп жатқан жұмыстар медициналық қызмет сапасын жақсартып, тұрғындарға заманауи көмек көрсетуге мүмкіндік береді дейді жауаптылар.