Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына Р. еңбек шартын бұзу туралы бұйрығын, біліктілікті тексеру хаттамасын жарамсыз деп танып, күшін жою, өз қызмет лауазымына қайта орналастыру, бос жүрген уақытқа жалақыны және моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюмен жүгінген.
Сотта анықталғандай, талап қоюшы Р. қаланың коммуналдық мекемесінде 2009 жылдан бастап дәнекерлеуші ретінде қызмет жасаған.
Жұмыс беруші 2024 жылы екі рет талап қоюшының кәсібіне сәйкес еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша білімін тексеру жөніндегі емтихан өткізген.
Осы емтихан комиссия отырыстарының хаттамаларымен, талап қоюшыға қатысты қанағаттанарлықсыз баға беріліп, ол атқаратын лауазымына сәйкес келмейді деп шешім қабылданған. Әрі қарай, жұмыс берушінің бастамасы бойынша талап қоюшымен түзілген еңбек шарты бұзылған.
Алайда, жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қызметкерлердің білімін тексеруден өткізу Қағидаларының талаптарын бұзған.
Оған қоса, жұмыс беруші істі бірінші сатыдағы сотта және алқада қарау барысында талап қоюшының емтиханда берілген сұрақтарға жауап бере алмағанын растайтын дәйекті дәлелдемелерді ұсынбады.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты жауапкер — жұмыс беруші еңбек заңнамасының талаптары бұзғанын ескеріп, талап қоюды ішінара қанағаттандырып, талап қоюшы Р.-ға қатысты емтихан комиссия отырыстарының хаттамаларын, олардың негізінде қабылданған еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп танып, олардың күшін жойған.
Сонымен қатар, талап қоюшы Р. бұрынғы лауазымына қайта орналастырылған, амалсыз бос жүрген уақыты үшін жалақы және моральдық зиян өндірілген. Сот шешімі заңды күшіне енді.