Соңғы уақытта Қазақстанда автонарық тез өзгеріп жатыр. Нарықта Қытай автокөліктеріне сұраныс артқан. Бұл сатып алушыларға тек бағасы жағынан ғана емес, несие рәсімдеу, техникалық қызмет пен жабдықтау жағынан да ұтымды. Айдалған көліктер керісінше бағасы қымбат әрі сапасы да күмәнді. Бұл өз кезегінде Қытай автокөліктеріне сұранысты одан әрі арттырып, елдегі көліктердің өзгеруіне сеп болуда.
Соңғы кезде айдалған автокөліктер мен қытай көліктерінің арасында бәсекелестік артты. Сарапшылардың пікірінше, еуропалық автосалондардың өзі танымал қытайлық автоөндірушілермен байланыс орнатқан. Олардың автокөліктерінің сапасы ешкімнен кем түспейді. Ал қазірге пайдаланылған автокөліктердің бағасы түспей тұр.
Арсен Шакуов, «Жалпы жол» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «2008 жылы шыққан жапондық Камри автокөлігін 10 миллион теңгеге алуға болады. Сәйкесінше бұл бағаға қытайдың 5 жылдық кепілдігі бар жаңа көлігін сатып ала аласыз. Бұған саудагерлер кінәлі. Сондықтан қазір Қытай автокөліктеріне деген сұраныс жоғары».
Десе де бұл айдалған көліктер нарықта орнын жоғалтты дегенді білдірмейді. Әлі де болса қолжетімді бағада сапасы тексерілген көлік алуға болады. Пайдаланылған көліктер де сұранысқа ие, оған қызығушылар да жетерлік.
Сарапшылар жаңа көлік пен пайдаланылған көліктерді таңдау көбіне тұтынушылардың қалтасына байланысты дейді. Мысалы, 5 миллион теңгеге көлік алушылар көбіне пайдаланылған көліктерден таңдау жасайды. Қаржылық мүмкіндіктері бар тұтынушылар жаңа автокөліктерге, әсіресе қытайлық көліктерді қарайды. Автокөлік таңдаушылар қай кезде де техникалық қызметке жоғары мән береді. Ал жаңа көліктерге ресми диллерлер қызмет көрсетеді. Бұл да көліктің сапасына сенім арттырады. Ал пайдаланылған автокөліктердің сапасы оның иесіне тікелей байланысты.
Михаил Будянский, «Автомотокөліктерді техникалық тексеру орталықтарының республикалық қауымдастығы» ЗТБ президенті: «Пайдаланылған көліктердің саудасы ешқашан тоқтап қалмайды. Қазір жаңадан сатылып жатқан автокөліктер де кезі келгенде екінші нарықта сатылымға шығады. Пайдаланылған көліктердің өзі тез жаңарады. Енді аса бақылаудың қажеті жоқ, бұл мысалы ұялы телефондар сияқты өзгеріп отырады».
Мұндайда автокөлік нарығындағы өзгерістерді ескермеуге тағы болмайды. Қытай автокөліктеріне банк тиімді әрі ұтымды шарттармен несие ұсынады. Ал шетелдік бренд автокөліктер үшін пайыздық мөлшерлемелер жоғары. Ал пайдаланылған көліктер бірден қолма-қол ақшаға сатып алуға тиімді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы Қазақстанда автокөлік саны 8 пайызға өскен. Қазір Қазақстанда 5,5 миллионнан аса көлік бар.